BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ ДЕПУТАТТАР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті 32-сессиясында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Бұл туралы «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сессия барысында шаһар басшысы қала әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы және Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде 8 айдың қорытындысымен таныстырды.

Атап айтқанда, 2025 жылдың басынан бері өнеркәсіп өндірісі 18,2 пайызға, инвестициялар көлемі 31,4 пайызға, құрылыс жұмыстары 34,3 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімі 2,3 есеге артты. Бөлшек сауда көлемі 100,7 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 100,8 пайызды құраған.

Жыл басынан бері жалпы құны 9,9 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылса, жыл соңына дейін 9,7 миллиард теңгелік тағы 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың аясында 324 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Соңғы үш жылда қаладағы салықтық түсімдер 211,8 пайызға, салықтық емес түсімдер 201,8 пайызға көбейген.

Биыл бюджет есебінен 60 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынған. Ал 2025 жылы 3,8 миллиард теңгеге 260 пәтер алу көзделген. Сондай-ақ, көпқабатты 73 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.

Жыл ішінде 85 көшеге көше шамдары орнатылуда. Оның 30-ы биыл аяқталса, қалған 55 көшенің жұмысы 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 61,4 шақырым болатын 108 көше орташа жөндеуден өтуде. Бұған қоса, 34,6 шақырымды құрайтын 104 саяжай көшесіне шағал төселген.

Қалада аулаларды абаттандыру, қоғамдық көлік қызметін жақсарту, ауызсумен қамту, жұмыспен қамту, көгалдандыру және өзге де бағыттарда жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Сессия барысында депутаттар да өз сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар, жылу маусымына дайындық, мәслихат комиссияларының есептері және бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу мәселелері талқыланып, шешімдер қабылданды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *