BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮШІН ТИІМСІЗ ДЕЛДАЛДАР ЖОЙЫЛАДЫ

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде бақылауда. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша апта сайын кеңестер өткізіліп, әр өңір мен өнімге қатысты мәселелер жедел шешілуде. Биылғы тоғыз айда баға индексі 100,8%-ды құрап, тамызда өзгеріссіз қалса, қыркүйектің алғашқы үш аптасында 0,2%-ға өскен.

Көкөніс бағасы соңғы айларда едәуір төмендеген. Мәселен, картоп құны шілдеде 300 теңгеден болса, қазір 184 теңгеге түскен. Сәбіз 295 теңгеден 193 теңгеге, пияз 222 теңгеден 137 теңгеге арзандады. Ал сүт өнімдерінің бағасы жыл басынан бері орта есеппен 5,7%-ға өскен. Жұмыртқа мен тұз бағасын тұрақтандыру үшін отандық өндірушілермен меморандумға қол қойылған.

Ішкі нарықты қорғау мақсатында 15 мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынды. Сондай-ақ ет экспортына қатысты ветеринарлық бақылау күшейтілді. Сауда желілерімен келісімдер жасалып, шаруалардан тікелей ет жеткізу тетіктері қарастырылуда. Бұған қоса, өңірлерде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, жыл басынан бері 3700-ден астам жәрмеңке өткізіліп, 236 тоннадан астам ет сатылған.

Шаққалиевтің сөзінше, делдалдық схемаларды тергеу барысында тиімсіз делдалдар анықталып, нарықтан шеттетілуде. Жыл соңына дейін «Қазақтелекоммен» бірлесіп, өндірушілерді, сауда желілерін және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тікелей байланыстыратын агромаркетплейс іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министрлік отандық өнімдердің дүкен сөрелеріндегі үлесін арттыруға басымдық беруде. Қазіргі талап бойынша, азық-түлік тауарларының кемінде 30%-ы – қазақстандық өнім болуы шарт. Электронды шот-фактуралар жүйесі көрсеткендей, бүгінде бұл көрсеткіш 86%-дан асып отыр.

Министр ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың жеті айында өсімдік шаруашылығы экспорты 51%-ға артқан. Әсіресе бидай, күнбағыс майы, арпа және зығыр тұқымына сұраныс жоғары. Қазақстандық өнімдерге Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен сұраныс бар.

Экспорттық бағыттарды кеңейту үшін биыл бірқатар жаңа сауда келісімдері жасалды. Агроөнеркәсіп саласында шамамен 119 млрд теңгеге қолдау көрсетіліп, 61 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге май өнеркәсібінің 2026–2028 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп жатыр. 2027 жылға қарай саланың жылдық айналымы $1 млрд-тан асып, Қазақстан әлемдегі ең ірі күнбағыс майы өндіруші үш елдің қатарына кіруді жоспарлап отыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *