ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ NETWORK SCHOOL НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстандағы технологиялық экожүйені дамыту, цифрлық білім беру мен инновациялық жобаларды қолдау, сондай-ақ отандық университеттер және стартаптармен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Президент елімізде технологияны терең меңгерген жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуге ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Осы мақсатта білім, ғылым және цифрлық сауаттылықты дамытуға инвестиция салынып, заманауи технологияларды игеруге жағдай жасалуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, бағдарлама аясында мектептер, жоғары оқу орындары мен медициналық мекемелер секілді әлеуметтік нысандар салынып, келешек ұрпаққа қажетті инфрақұрылым қалыптастырылады.
Мемлекет басшысы Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптап, жобаның Қазақстан университеттерімен, стартаптарымен және технологиялық кәсіпорындарымен байланысын кеңейту жоспарына қолдау білдірді.
Сонымен қатар Президент Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс айтты. Өз кезегінде Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялар мен дәстүрлі экономикалық салалардың қатар дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырып, цифрлық шешімдерді дамыту, адам капиталын нығайту және инновациялық әзірлемелерді енгізуге қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен инновация саласының дамуына қосқан үлесі үшін Баладжи Шринивасанды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
