BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

РОМАН СКЛЯР ГЕРМАНИЯ МИНИСТРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Германия Федеративтік Республикасының экономика және энергетика министрі Катерина Райхемен онлайн кездесу өткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Келіссөз барысында тараптар өнеркәсіп, энергетика, сауда, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және өзара ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары бойынша әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады.

Роман Скляр Қазақстан мен Германия арасында «шикізат, өнеркәсіп және технологиялар» формуласы аясында тиімді кооперация жүргізуге мүмкіндік беретін институционалдық тетіктердің қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл екіжақты қарым-қатынаста өзара тиімді («win-win») нәтижелерге жол ашады.

Өз кезегінде Катерина Райхе энергетика және ресурстар саласындағы ынтымақтастықтың Германия экономикасы үшін стратегиялық маңызы барын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты экономикалық байланыстардың барлық спектрі бойынша кооперацияны нығайтуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар 24 қыркүйекте өтетін Қазақстан-Германия Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының (ҮЖТ) 15-ші отырысының күн тәртібі талқыланды.

Әңгіме соңында Роман Скляр Катерина Райхені Астанаға ресми сапармен келуге шақырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *