BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІНІҢ СЕГІЗІНШІ ОТЫРЫСЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына тоқталды,- деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент Қытайды Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы өзара сенім мен қарым-қатынас жыл өткен сайын нығайып, іскерлік байланыстардың берік негізін қалыптастыруда. Былтырғы өзара сауда айналымы 44 миллиард долларға жетіп, тарихи ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Мемлекет басшысы алдағы бес жылда бұл көлемді едәуір ұлғайтуға әлеует жеткілікті екенін айтты.

Қ.Тоқаев Қытайдың Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салғанын атап өтіп, бүгінде елде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ CNPC, CITIC, SINOPEC, Huawei сияқты ірі корпорациялармен қатар орта және шағын бизнес өкілдері де белсенді еңбек етіп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастықтың басым бағыттарын атап өтіп, көлік-транзит әлеуетін арттыруға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің іске қосылуы арқылы «Қытай – Еуропа» дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі бес есеге артады. Бұдан бөлек, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемін арттыру жоспарланып отыр.

Энергетика саласында бірқатар ірі жобалардың жүзеге асып жатқанын айтқан Президент Атырау облысында полиэтилен зауытының құрылысы басталғанын, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жоспарланғанын, сондай-ақ Маңғыстауда қуаты 160 мегаватт болатын бу-газ қондырғысы салынатынын жеткізді. Сонымен бірге, атом энергетикасы саласында қытай технологиясын тарту және мамандар даярлау мәселелері талқыланғанын мәлімдеді.

Қ.Тоқаев тау-кен металлургиясы мен құрылыс индустриясындағы жобаларды, сондай-ақ автокөлік өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған бастамаларды атап өтті. Оның ішінде Жамбыл облысында металлургия зауыты мен жүгері өңдеу кәсіпорнының салынуы, Алматы облысындағы вольфрам кенін игеру жобасы, Алматыда автокөлік және электробус зауыттарын іске қосу жоспарлары бар.

Президент цифрландыру мен жасанды интеллект саласында да екі елдің ынтымақтастығын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда аймақтағы алғашқы Суперкомпьютер мен Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Сонымен қатар «Alatau City» инновациялық қаласын салу жобасы қолға алынып отыр.

Қаржы секторында да байланыстар нығайып келеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығында 4 200-ден астам компания жұмыс істесе, оның 850-і қытайлық. Қазақстан даму банкі Қытай қаржы институттарымен бірлесе юань валютасында еурооблигациялар орналастыра бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытай бизнесі үшін қолайлы орта қалыптастырып отырғанын атап өтіп, барлық бірлескен жобалардың мемлекет бақылауында болатынын айтты. Оның пікірінше, бұл уағдаластықтар стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтермек.

Жиында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсян, Қытай халықаралық саудаға ықпал ету комитетінің төрағасы Жэнь Хунбинь, CITIC Group директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуа және «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов сөз сөйледі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *