BASTY BETJAŃALYQTARQOǴAM

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ТӨРТ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

1 қыркүйек – Білім күніне орай Жамбыл облысында төрт жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа білім ошақтарының қатарында Жамбыл ауданына қарасты Бәйтерек және Шайдана ауылдарындағы мектептер бар. Бәйтерек ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы 100 орындық мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС мердігерлігімен жүргізілді. Жобаның жалпы құны – 1,3 млрд теңге. Оқу орны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда пән кабинеттері, зертханалар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жеделсаты, технология кабинеттері, қыш-керамика шеберханалары, үлкен спорт залы және ашық спорт алаңы қарастырылған.

Шайдана ауылындағы №5 орта мектеп – үш қабатты, 150 орындық білім беру нысаны. Мұнда 15 оқу кабинеті, спорт залы, медициналық бөлме, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері бар. 2025–2026 жаңа оқу жылында мектепке 170 оқушы қабылданды. Сондай-ақ көршілес Сеңгірбай ауылынан 20 бала арнайы көлікпен тасымалданады.

Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы Бауыржан Момышұлы, №1 және Юрий Гагарин атындағы мектептердің жанынан жаңа футбол алаңдары ашылды.

Байзақ ауданының Сарыбарақ және Шу ауданының Жиенбет ауылдарында да 100 орындық жаңа мектептер іске қосылды.

Жаңа білім беру нысандары мен спорт алаңдарының ашылуы ауылдық жерлерде сапалы білімге қолжетімділікті арттырып, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *