ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: БАҒА ҚАНДАЙ?
Екі аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Осы кезде ата-аналар баласын мектепке дайындау қамына кірісіп кеткен. Әдетте бағасы мен сапасы үйлесе бермейтін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай шаруа емес. Жалпы бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат кетеді? Бағаға халықтың көңілі толады ма?
Жаңа оқу жылы таяп қалды. Қазір базарларда баласын мектепке жинаған жұрттың қарасы қалың. Бірнеше сауда нүктелеріне бас сұғып, киім-кешектің бағасын білдік.
- Баға былтырғымен салыстырғанда 1000 – 2000 теңгенің арасы. Қатты қымбаттаған жоқ. Былтыр 15 000 болған. Қазір 17-18 000. Сол бағалармен. 11 класс енді взрослый киіп қалады ғой. Ал кішкентайлардікі 10-12 000-нан басталады. Ал үлкендердікі 15 000-нан басталады,дейді жеке кәсіпкер Мақсатбек Мамат
- Биыл енді бізде рубашкалар қыздарда 4000-нан басталады и бес жарымға дейін барады. Түрі көп. Енді балдардың рубашкасы 4000-нан басталады тоже. 3000-3500-ға бар, олар садиктікі. Ал үлкен дегендердің бағасы қымбат дегеннің өзі 6500-ға дейін барады. Юбкалар 3500-5500-ға дейін. Енді біз все равно базар болғаннан кейін төмен сатамыз, дейді жеке кәсіпкер Гүлмира Ахметова
Тамыз айы басталғаннан аймақтағы оқушылардың киім-кешегі мен оқу-құралдарының бағасы бірден шарықтап шыға келеді. Бұл базарлар мен дүкендерді жағалап, балаларының жаңа оқу жылына дайындап жүрген ата-аналардың пікірі.
Мектеп формасынан бөлек, қазір оқу құралдарының саудасы да қызып тұр. Кеңсе тауарларын сатушылар баға ата-аналар үшін қолжетімді дейді.
- Бағалар өткен жылға қарағанда өте арзан. Өткен жылы бізде дәптерлерлеріміз 35 теңгеден болды. Биыл бізде 25 теңгеден дәптерлер. Әр балаға 10 000-15 000 көлемінде бүкіл кеңсе тауарларын алуға болады, дейді саудагер Мадина Абдукәрімова
Айта кету керек, биыл елімізде 80 мыңға жуық ата-анаға баланы мектепке дайындау үшін ақша аударылады. Яғни 510 мың балаға 43 мың 407 теңгеден бөлінеді. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары тізімге ілінеді.
Сондай-ақ оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 2,8 млрд. теңге қажетті қаржы қарастырылып, жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100% қамтамасыз етіледі.
Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.