МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ШЫҰ ПЛЮС» САММИТІНЕ ҚАТЫСТЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбында өткен «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Қытайдың төрағалығы кезеңінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) халықаралық аренадағы беделі едәуір артқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанада бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы ұйым күн тәртібімен үйлесіп, көптеген елдің қызығушылығын тудырып отыр. Бұл алаң қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша тиімді пікір алмасу мүмкіндігін қалыптастыруда.
Қ.Тоқаев өз сөзінде қазіргі сын-қатерлерді ешбір елдің жалғыз еңсере алмайтынын атап өтіп, ШЫҰ күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуы қажеттігін айтты. Оның пікірінше, ұйым қақтығыстарды шешуге, мемлекеттердің орнықты дамуына және жаһандық диалогты нығайтуға бағытталған стратегиялық шешімдер қабылдауы тиіс.
Президент Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуына орай тарихи даталарды еске алып, бейбітшілікті сақтау жолындағы бірлескен күш-жігердің маңызын атап өтті. Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының Жаһандық басқару бастамасын қолдап, оның ұзақмерзімді сипаттағы әділ әрі орнықты әлемдік тәртіп орнатуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ШЫҰ аясындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға Қазақстанның белсенді атсалысатынын жеткізді.
Президенттің айтуынша, ШЫҰ даму банкін құру аймақ елдерінің экономикасына серпін береді. Ол «Бір белдеу, бір жол» жобасын Еуразиялық экономикалық одақпен және негізгі көлік дәліздерімен ұштастыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қолдану ережелері мен этикалық стандарттарын әзірлеу мәселесін де көтеріп, Қытайдың осы саладағы жаһандық ұйым құру бастамасына қолдау білдірді. Бұдан бөлек, экологиялық проблемаларға, әсіресе Каспий теңізінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Астанада Су проблемасын талдау орталығын құруды ұсынды. Сондай-ақ келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өткізілетінін хабарлады.
Қорытынды сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылы ШЫҰ-ның 25 жылдығы атап өтілетінін еске салып, бұл ұйымның жаңа кезеңге өтуіне мүмкіндік беретін маңызды белес болатынын айтты.