BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ТОҚАЕВ: «ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ МҰҒАЛІМДЕРГЕ ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ»

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясына қатысты. Биылғы жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Жиын барысында Президент білім беру саласының даму бағыттары мен ұстаз мәртебесін арттыруға қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, ресми  Aqorda телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Қасым -Жомарт Тоқаев мұғалімдерді «ұлттың шамшырағы» деп атап, олардың қоғамдағы рөлі ең биік болуы керектігін айтты. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есе артқанын, 500 мыңнан астам педагог үстемақы алатынын, білім саласының бюджеті үш есеге ұлғайғанын және 1200-ден астам жаңа мектеп ашылғанын атап өтті.

Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаздардың құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Сондай-ақ білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл қадам оқыту сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы биылдан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы барлық мектептерде іске қосылатынын жеткізді. Ол бағдарламаның мақсаты – өскелең ұрпақты адалдыққа, еңбекқорлыққа және отансүйгіштікке баулу.

Сондай-ақ Президент мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларды нашақорлық пен басқа да әлеуметтік кеселдерден қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды. Жаңа оқу жылынан бастап «ДосболLIKE» бағдарламасы енгізілмек.

Отырыста Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, бірқатар мектеп және колледж басшылары сөз сөйлеп, білім беру жүйесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын, сондай-ақ бірнеше педагогке мемлекеттік наградалар табыстау жөнінде Жарлыққа қол қойды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *