BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ПРЕЗИДЕНТ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында нашақорлық күрделі әлеуметтік және құқықтық құбылыс ретінде қарастырылып, наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, akorda.kz сайтына сілтеп.

Кеңесте Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов баяндама жасады.

Мемлекет басшысы бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағдайға жеткенін атап өтті.

– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшылар мен ғалымдар наркотизм ұғымының нашақорлықтан әлдеқайда кең екенін, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық проблемалармен, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік мәселесімен ұштасып жатқанын айтуда.

Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажеттігін айтты.

– Есірткіге тәуелді жандардың көпшілігі мен олардың жақындары жариялылықтан және жұртшылықтың талқылауынан қауіптеніп, проблемасын жасырады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін маңызды міндет ретінде атады.

Президент нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, жастар арасында есірткінің насихатталуына жол беруге болмайды. Бұл ретте ол интернетте және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді дәріптейтін жағымсыз үрдістің белең алғанын атап өтті.

Жиында есірткімен байланысты құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу мен жазалаудың тиімділігін арттыруға қатысты кешенді мәселелерге ерекше мән берілді.

– Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін әшкерелеу жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы күмәнді қаржы операцияларын бақылауға алудың маңызына тоқталды. Бұл түйткіл құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмауға тиіс.

Президент наркотизмге қарсы күреске қоғам болып жұмылудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Үкіметке, өңір әкімдеріне және жауапты мемлекеттік органдарға нашақорлықтан сақтандыру және есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларын күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық штабты Ішкі істер министрлігінің қарауынан алып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейіне көтеруді тапсырды. Бұл нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресті жандандыруға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *