BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

АНА ӨЛІМІНІҢ ДЕҢГЕЙІ 12%-ҒА, НӘРЕСТЕ ӨЛІМІНІҢ ДЕҢГЕЙІ 11%-ҒА ТӨМЕНДЕДІ: ҮКІМЕТТЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ

Елімізде  ана мен бала өлімінің деңгейі төмендеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында ана мен бала өлімін азайту жөніндегі шаралар талқыланды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеп.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ана мен бала өлімін төмендету бағытындағы кешенді шараларға ерекше басымдық берілген. Осыған орай, 2030 жылға дейінгі ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспары бекітіліп, орнықты даму мақсаттарының индикаторларына қол жеткіздік, дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен «ЮНИСЕФ»  ұсынымдарына сәйкес жүргізілген реформалар мен тиімді технологиялардың нәтижесінде 2024 жылы ана өлімі 12%-ға, нәресте өлімі 11%-ға төмендеген. Ал биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша ана өлімі 10%-ға, нәресте өлімі 26%-ға азайған.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл көрсеткіштерге министрлік қабылдаған жүйелі шаралар сеп болған. Мысалы, ана мен балаға медициналық көмек көрсету тәсілдері халықаралық стандарттарға сай жаңартылып, клиникалық хаттамалар өзектендірілген екен.

2024 жылдың 1 маусымынан бастап босандыру, акушерлік операциялар, төмен салмақты жаңа туған нәрестелерді күту мен педиатриялық бейіндердің тарифтері ұлғайып, осы мақсатқа қосымша 20 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат медициналық ұйымдардың шығындарын өтеуге, қымбат дәрілерге қолжетімділікті арттыруға, кадрларды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Босанудан кейінгі қан кетулердің алдын алу әдістері енгізіліп, ағзаларды сақтап қалу операциялары 20%-ға өсті. Медициналық авиация арқылы көрсетілген көмек ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқаруға ықпал еткен.

2023 жылдан бастап перинаталдық орталықтар 87%-ға дейін заманауи медициналық техникамен жабдықталып, тозу деңгейі 37%-ға төмендеген.

Биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, 5,1 млрд теңгеге 12 түрлі зерттеуді қамтитын тексерулер қарастырылды. Сонымен қатар, 22 облыстық перинаталдық орталық жанынан «Ұрықты қорғау орталықтары» құрылып, олардың құрамында «Бір күндік клиника» ұйымдастырылған. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел 500 мыңға жуық тексеруден өтіп, ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау 13%-ға артқан. Министр осы орталықтарды одан әрі заманауи техникамен жабдықтау үшін әкімдерден жергілікті бюджеттен қаржы бөлуді сұрады.

2023 жылы елімізде алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізіліп, жатырішілік 71 операция жасалған. Соның арқасында 96 нәрестенің өмірі сақталған. 2024 жылдан бастап емханаларда педиатриялық бөлімшелер мен 100 даму және ерте араласу орталығы құрылды. 3 жасқа дейінгі балаларға мультидисциплинарлық диагностика арқылы бақылау жүргізу жолға қойылды.

Шалғай ауылдарда тұратын ерекше күтімді қажет ететін әйелдер үшін «Саламатты Ана» пансионаттары ашылуда. Қазір Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында осындай орталықтар жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін басқа өңірлерде де ашу жоспарланған.

Жүкті әйелдер мен фертильді жастағы әйелдердің денсаулығын цифрлық бақылау мақсатында 20 Ситуациялық орталық құрылып, жүктіліктің асқыну қаупін алдын ала анықтауға және уақытылы емдеуге жатқызуға мүмкіндік жасалған.

Сондай-ақ, елімізде 18 облыстық перинаталдық орталық пен 15 облыстық балалар ауруханасына реновация жұмыстары басталды. Бұл шаралар перинаталдық орталықтардың құрамын бірыңғайлау, мамандардың біліктілігін арттыру және өңірлерде озық технологияларды енгізу мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар, балаларға қосымша 302 бейінді төсек-орын қарастырылып отыр.

Кадр тапшылығына келсек, 2024 жылы алғаш рет 169 педиатр даярланып, биыл тағы 152 маман резидентураны аяқтайды. Балалар саласындағы 14 сұранысқа ие мамандық бойынша да оқыту басталады. Ауылдық елді мекендерге барған дәрігерлерге 8,5 млн теңгеге дейін көтерме төлем қарастырылғанымен, өткен жылы мамандардың тек 70%-ы ғана бұл мүмкіндікті пайдаланған. Қабылданған шаралар нәтижесінде кадр тапшылығы 25%-ға азайғанымен, 255 гинеколог пен 91 неонатолог әлі де жетіспейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 12 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланған. Барлық өңірлер жер телімдерін бөлгенімен, пилоттық жобалар бойынша құжаттар толық дайын емес. Шымкент (жылы өңірлерге) және Қарағанды (суық өңірлерге) қалалары үшін үлгілік жобалар анықталған, бірақ әкімдіктер тарапынан құжаттарды мемлекеттік сараптамаға ұсыну кідіріп отыр.

Цифрландыру жұмыстары аясында 18 жасқа дейінгі балалардың цифрлық бейіні жасалып, балабақша мен мектепке қабылдау үшін электрондық паспорт енгізілді. Жүкті және босанған әйелдерге арналған электрондық карта, проактивті жұмыс сервистері іске қосылды. 348 мыңнан астам әйелге скрининг пен қабылдау уақыты туралы хабарламалар жіберілді.

Дегенмен, 6 өңірде ана өлімінің өсімі байқалады. Оның негізгі себептері: ауыр экстрагенитальды аурулар (55%) және акушерлік жағдайлар (45%). Ал нәресте өлімінің басты себептері – перинаталдық кезеңдегі асқынулар (47,7%), туа біткен ақаулар (19,6%) және тыныс алу ағзаларының аурулары (7,6%).

Павлодар, СҚО, Қостанай және Ұлытау облыстарында үй жағдайындағы өлім-жітім республикалық көрсеткіштен екі есе жоғары. Осыған байланысты министр әкімдерден жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, бейінді мамандармен қамтуды, медициналық көліктермен қамтамасыз етуді және осал топтағы әйелдерге тегін контрацептивтермен қолжетімділікті арттыруды сұрады.

2024 жылы ана мен бала өлімінің нақты себептерін анықтау үшін 44 медициналық ұйымға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Жамбыл және Ақмола облыстарындағы ұйымдарда ауқымды бақылау шаралары ұйымдастырылды. Тексеру нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою бойынша шұғыл іс-шаралар бекітілді.

Биылғы қыркүйектен бастап бақылау функциясы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне беріледі. Сонымен қатар, пациенттерді қолдау қызметтері мен біліктілік талаптары да күшейтіледі. Балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендету мақсатында генетикалық ауруларға жаңа скрининг енгізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын нығайту және оларды дәрі-дәрмекпен, медициналық көмекпен толық қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *