BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОКӨЛІК ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖӨНІНДЕГІ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы тапсырған халықаралық автокөлік өткізу пункттерін реконструкциялау бойынша іс-шаралардың орындалу барысын талқылауға арналған жиын өткізді,-деп хабарлайды « Taraz24news.kz» ақпараттық порталы, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиынға Көлік және коммуникациялар министрі Нұрлан Сауранбаев, Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов қатысты.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, биыл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің сыртқы шекараларындағы — Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Түрікменстанмен шекаралас — тоғыз өткізу пунктін реконструкциялау жоспарланған.

Қазіргі таңда Қапланбек, Атамекен, Қалжат және Алакөл өткізу пункттеріндегі жұмыстар толық аяқталды. Қалған бес нысан бойынша құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарлануда. Сонымен қатар, «Жібек жолы» жолаушылар өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстары жоспардан тыс жүзеге асырылып, оның аяқталуы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында күтілуде.

Реконструкциялау кезінде алты жолақты кірме жолдар, электронды бақылау жүйелері енгізіліп, барлық қызметтерге бірыңғай инфрақұрылым құруға ерекше назар аударылған.

Премьер-министр жиында Кеден комитеті мен салалық министрліктердің Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасымен шекаралардағы автомобиль өткізу пункттерін жөндеу мерзімдерін кешіктіруін сынға алып, жауапты басшыларға жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, жауапты министрліктердің жетекшілері өңірлерге жіберіліп, жергілікті үйлестіру жұмыстары күшейтілді.

Кеден қызметінің кадрлық құрамына қойылатын талаптар күшейтіліп, өткізу пункттерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және интернет желісіне қолжетімділікті арттыру мәселелері бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Көлік және Қаржы министрлері Премьер-министрге автокөлік өткізу пункттерін реконструкциялау барысы туралы апта сайын есеп беруге міндеттелді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *