ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БОЙЫНША ШАРАЛАР ТУРАЛЫ
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Бас прокуратура құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін қабылдауда, бұл осы бағыттағы жұмыстардың жандануына және мұндай қылмыстарды анықтау ауқымын арттыруға ықпал етті,- деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, ҚР Бас прокуратурасының ресми telegram-арнасына сілтеп.
2025 жылғы 6 тамызда Бас прокуратурада есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.
Кеңеске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ішкі істер министрлігінің тергеу және жедел бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімдерін орындау нәтижелері талқыланып, нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша қосымша шаралар әзірленді.
«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде қылмыстық қудалау органдары есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың жолын кесу бойынша жұмысты күшейтті.
Осы саладағы құқық қорғау және арнайы органдардың жұмысының тиімділігіне жаңа бағалаулар енгізілді. Олардың қызметінде ерекше назар есірткі бизнесін ұйымдастырудың бүкіл тізбегін анықтауға және жолын кесуге бағытталған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың 7 айында есірткі құралдарын өткізу фактілерін анықтау 16%-ға (1407-ден 1637-ге дейін) өсті.
Қоғамның белсенді азаматтық ұстанымының қатысуы есірткіні жарнамалайтын 35 мыңнан астам граффитиді жоюға мүмкіндік берді, 22 есірткі жарнамашысы ізін суытпай ұсталды.
Есірткі сатумен айналысатын 14 қылмыстық топқызметінің жолы кесілді, оның 2-і трансұлттық.
14 тоннадан астам есірткі құралдары тәркіленді, синтетикалық есірткі шығаратын 21 есірткі зертханасы жойылды.
Мысалы, ағымдағы жылдың мамыр айында Алматы облысы Нұра ауылында астыртын есірткі зертханасы жойылып, 8 тонна прекурсорлар мен тұтынуға дайын 100 келіден астам есірткі тәркіленді.
Павлодарда прокурорлар энергияны көп тұтынатын пәтерді анықтады, онда жергілікті тұрғын «каннабис» өсімдігін өсіріп, оны интернет арқылы таратқан.
Жалпы, жыл басынан бері жасырын зертханалар ұйымдастырғаны үшін үш шетелдік азамат ұсталды.