BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» — АУҚЫМДЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСҚА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Алтай Республикасындағы Манжерок қаласында өткен Бірінші Халықаралық экологиялық конференцияда Каспий теңізінің таяздану мәселесін өңірлік деңгейдегі басты экологиялық сын-қатерлердің бірі ретінде атап өтті,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Пленарлық отырыс барысында сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы экологиялық қауіпсіздік тек жаһандық «жасыл» күн тәртібінің бір бөлігі ғана емес, сондай-ақ кез келген мемлекеттің орнықты дамуы үшін маңызды фактор екенін айтты.

Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, елімізде экология саласындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде кең ауқымды экологиялық қозғалысқа айналып, азаматтардың күнделікті өмірінде айрықша орын алуда.

Аталған бағдарлама аясында табиғи аумақтарды тазарту, су қоймаларының жағалауларын қалпына келтіру және ағаш отырғызу секілді экологиялық акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бастама тұрғындар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Үкімет табиғатты қорғауға арналған заңнаманы жаңғыртып, салаға озық технологиялар енгізуде. Экологиялық бақылау процестері цифрландырылуда. Сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтіру, биоалуантүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту бағытында нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, тоғай бұғысы, құлан, арқар, қарақұйрық және қар барысы сияқты жануарлар түрлерін сақтау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жобалары іске асуда.

Премьер-министр Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне ерекше тоқталып, Каспий маңы мемлекеттері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін атап өтті.

«2000 жылдардан бері Каспий теңізі деңгейінің төмендеу үрдісі байқалуда. Осы және басқа да мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында Каспий теңізі жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ғалымдар болжап отырғандай, бұл су айдынына қатысты жағдай алаңдаушылық тудырады. Сондықтан теңізді сақтап қалу үшін Каспий маңы елдерінің үйлесімді және батыл әрекеті қажет», — деді Олжас Бектенов.

Су ресурстары мәселесін көтеру барысында Премьер-министр Арал өңіріндегі жағдайға да тоқталды. Қазіргі таңда Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Ел ішінде Көкарал бөгетін нығайту, Сырдария сағасын қалпына келтіру, балық шаруашылығын дамыту және бұрынғы теңіз түбін көгалдандыру бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы мұздықтарды сақтау бойынша қолға алынған шаралардың да маңыздылығын атап өтті. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздық көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін. Осыған орай, Қазақстан Президенті Эр-Рияд саммитінде мұздықтарды зерттеу және қорғау мақсатында «Су мұнаралары серіктестігін» құру жөнінде бастама көтерген болатын.

Бүгінде Алматы қаласында ЮНЕСКО қамқорлығымен жұмыс істеп жатқан Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы өңірлік зерттеулердің негізгі алаңына айналып отыр. Қазақстан су қоймаларын басқарудан бастап, суды есепке алуды автоматтандыруға дейінгі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін де атап өтті.

Форум өткен Алтай өлкесінің символдық мәніне тоқталған Олжас Бектенов бұл аймақты түркі өркениетінің бесігі ретінде сипаттап, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.

Пленарлық отырысқа Ресей Федерациясының Үкімет төрағасы Михаил Мишустин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Премьер-министрі Адылбек Касымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Нокергулы Атагулыев қатысты.

Конференция барысында Каспий теңізінің таяздануы, мұздықтардың еруі және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерімен қатар, қоршаған ортаны қорғауда заманауи технологияларды қолдану, су ресурстарын басқаруға инновациялық тәсілдерді енгізу және трансшекаралық экотуризмді дамыту жөніндегі мәселелер талқыланды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *