KGIR-2025: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ 272 МЛН ДОЛЛАР КӨЛЕМІНДЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған өңір делегациясы жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстелге (KGIR-2025) қатысты. Іс-шара барысында жалпы құны 272,2 млн АҚШ долларын құрайтын бірқатар ірі инвестициялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды,-деп хабарлайды “Taraz24news.kz” ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум аясында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов жетекші халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Кездесулер барысында Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк жобасы ерекше назарға ілікті.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірде бұл жобаны сәтті жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым мен ресурстар бар. Аталған жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь өндірісті іске қосу үшін «жылдам дәліз» қағидаты бойынша жасалған қолайлы бизнес жағдайларын жоғары бағалады. Жоба аясында Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдейтін зауыттардың бірі салынады. Кәсіпорынның бастапқы жылдық қуаттылығы 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін жетіп, кейін 3 млн тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Өндіріс іске қосылған кезеңде 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
KGIR-2025 алаңында Fufeng Group компаниясының негізін қалаушы Ли Сюэчунь үздік инвестор-компания өкілдерінің бірі ретінде танылып, Үкімет басшысы табыс еткен марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің қатысуымен өнеркәсіп, энергетика және агроөнеркәсіп салаларындағы бірқатар меморандум мен ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды.
Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігі, «Алель Агро» АҚ және Shandong Guangming Biotechnology Co., Ltd. арасында бройлер құс фабрикасын салу жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Инвестиция көлемі – 15 млн АҚШ доллары. Кәсіпорын жылына 45 млн инкубациялық жұмыртқа өндіруге және 75 мың тоннаға дейін дайын ет шығаруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігі отандық және шетелдік инвесторлармен қуаты 150 МВт және 50 МВт болатын бу-газ қондырғыларын салу, электр жабдықтарын өндіретін зауыт және ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындар ашу бойынша келісімдерге қол қойды.
KGIR-2025 барысында өңір делегациясы инвестиция тарту, экономиканың негізгі салаларын дамыту және халықаралық әріптестікті нығайту мәселелеріне арналған панельдік сессиялар мен тақырыптық кездесулерге де қатысты.

