ҚАЗАҚСТАН ҰЗАҚМЕРЗІМДІ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ҮШІН АШЫҚ ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ ЕЛ БОЛЫП ҚАЛАДЫ — ОЛЖАС БЕКТЕНОВ
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстелге (KGIR-2025) қатысты. Форумға 50-ден астам елден өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп, қаржы, фармацевтика және консалтинг сынды түрлі салалардағы халықаралық және отандық компаниялардың мыңнан астам өкілі жиналды.
– деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министр өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажеттігін атап өткенін еске салды. Ол елдің басты міндеті – бизнесті қолдаудан бөлек, жаңа жобаларды іске асыруға белсенді қатысатын тиімді инвестициялық саясат жүргізу екенін айтты.
Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда Қазақстан экономикасының өсімі 6,3 пайызды құрады, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,5 пайызға артып, шамамен 13,8 трлн теңгеге жеткен. Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» болжаммен көтеріп, елдің инвестициялық сенімділігін растады.
Олжас Бектенов Транскаспий халықаралық көлік бағытының өңірлік маңыздылығына тоқталып, бұл бағыт бойынша шетелдік капитал мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы реформалар, Alem.ai халықаралық ЖИ орталығының ашылуы елдің технологиялық әлеуетін арттыратынын айтты.
Қазақстан кәсіпкерлерге заңнамалық тұрақтылық пен ашық іскерлік орта ұсыну бағытындағы реформаларды жалғастыруда. Премьер-министр атап өткендей, 25 жылға дейінгі заңнамалық кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім елге ұзақмерзімді капитал тартуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық және болжамды ел болып қала береді. Инвесторлармен сенімді диалог құру біздің инвестициялық саясатымыздың ажырамас бөлігі. Біз жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Олжас Бектенов.
KGIR-2025 алаңында жалпы сомасы 7,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 49 құжатқа қол қойылды, оның ішінде 13 коммерциялық келісім Премьер-министрдің қатысуымен рәсімделді. Құжаттар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, экология және энергетика салаларындағы жаңа жобаларды қамтиды.
Форумда сөз сөйлеген халықаралық инвесторлар Қазақстанның ашық құқықтық жүйесін, тұрақты экономикалық саясатын және қолайлы іскерлік ахуалын жоғары бағалады. ЕҚДБ вице-президенті Маттео Патроне елдің цифрландыру мен «жасыл» экономикаға көшу бағытындағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
Шара барысында инвесторлар мен үкімет өкілдері Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалардың көрмесін тамашалады. Онда агроөнеркәсіп, фармацевтика, машина жасау, білім беру және көлік инфрақұрылымы салаларындағы жаңа бастамалар таныстырылды.
KGIR-2025 қорытындысы бойынша үздік инвесторлар марапатталды. Олардың қатарында Fufeng Group, PepsiCo, Zijin Mining Group, KIA Qazaqstan, Stadler CIS және өзге де ірі халықаралық компаниялардың өкілдері бар.
Ел Үкіметі мен бизнес өкілдерінің өзара ынтымақтастығы Қазақстанның инвестициялық және технологиялық дамуына жаңа серпін бермек.

