ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ШАРАЛАРДЫ АТАП ӨТТІ
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстар мен мегаполистер әкімдері, сондай-ақ құқық қорғау және қадағалау органдарының өкілдері қатысты,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап
Есірткі қылмысына қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздік
Кеңес барысында есірткі қылмыстарына, маскүнемдікке қарсы іс-шаралардың тиімділігіне және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты мәселелер талқыланды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің дерегінше, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 6,4 тонна есірткі тәркіленіп, 17 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған. 474 есірткі таратушы ұсталды, оның ішінде 28 Telegram-арна әкімшісі бар. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішудің 107 мың фактісі және алкоголь айналымы саласындағы 7 мыңнан астам заң бұзушылықтың жолы кесілген.
Премьер-министр бұл мәселенің күрделене түскенін, әсіресе жастар арасында есірткіге тәуелділік өршіп бара жатқанын айтты. Бүгінде есірткі айналымы интернет, пошта, криптотөлем жүйелері арқылы жасырын жүзеге асырылуда.
«Мұндай жағдайда “наркодилер–өткізуші–тұтынушы” байланысында тікелей физикалық байланыс жойылып, құқық қорғау органдары үшін оларды анықтау қиындай түседі», – деді Үкімет басшысы.
Медициналық және әлеуметтік шаралар
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, елде 17 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді ретінде диспансерлік есепте тұр. Соңғы бес жылда опиоидтық тәуелділік 1,5 есе азайғанымен, синтетикалық есірткіні қолдану деректері көбейіп отыр. 2024 жылдан бастап тәуелділігі жоқ, бірақ зиянды түрде есірткі қолданатын азаматтар үшін консультациялық бақылау енгізілді. Қазіргі таңда 3 мыңға жуық адам осы бақылауға алынған.
Наркологиялық көмек 20 өңірлік психикалық денсаулық орталығында, 284 қалалық және аудандық мекемеде көрсетіледі. 2025 жылға қарай емдеу тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа әдістемелік ұсынымдар енгізіледі.
Маскүнемдікке қарсы қоғамдық қозғалыстар
Маскүнемдікке қарсы күрес аясында ішімдіктен бас тартқан елді мекендер қозғалысы кеңейтіледі. Қазіргі таңда мұндай бастаманы 400-ден астам ауыл қолдап отыр. Премьер-министр белсенді азаматтар мен әкімдіктерді ынталандыру қажеттігін атап өтті. Ресми дерекке сәйкес, кісі өлтірудің 50%-дан астамы, бұзақылықтың үштен бірі және тонаудың төрттен бірі мас күйінде жасалады.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу
Комиссия отырысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар және психологиялық көмек көрсету мәселелері де қаралды. ІІМ мәліметінше, соңғы үш жылда бұл санаттағы қылмыстарға қатысты өтініштер саны 35%-ға, ал 2025 жылдың басынан бері өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендеген. Қылмыстық көрсеткіш 34,9%-ға азайған.
Дегенмен, Премьер-министр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселе ретінде қалып отырғанын айтып, ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды кеңейтуді тапсырды.
2023 жылы Ішкі істер министрлігі арнайы бөлімше құрған. Бөлімше мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған балаларды ерте анықтау және қолдау тетіктері әзірленеді. Бұл бағытта Білім министрлігіне нақты тапсырмалар берілді.
Жиын соңында Премьер-министр рақымшылыққа іліккен азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, психологиялық сүйемелдеу, рецидивтің алдын алу және барлық деңгейдегі атқарушы органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, есірткіге қарсы жаңа ұлттық саясатты әзірлеу қажеттігі атап өтілді.