TIKTOK ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕСКЕ ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМАНЫҢ ЫҚПАЛЫ ЖӨНІНДЕГІ ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия елдері бойынша TikTok компаниясының мемлекеттік органдармен және корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Сергей Соколовпен кездесті. Кездесуде TikTok пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп жүргізген зерттеу нәтижелері таныстырылды. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Зерттеу Қазақстандағы цифрлық платформалардың кәсіпкерлікке тигізетін ықпалын бағалауға бағытталған. Сауалнамаға елдің 20 өңірінен 300-ден астам шағын және микро бизнес өкілдері қатысқан. Бұған дейін осындай зерттеулер АҚШ, Ұлыбритания, Мексика және Сауд Арабиясында да жүргізілген.
«Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов TikTok-пен әріптестіктің нақты нәтижелер беріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Бір өнім – бір ауыл» жобасы аясында кәсіпкерлер TikTok құралдарын пайдаланып, өз өнімдерін онлайн ілгерілету және сатылымды арттыру тәсілдерін меңгерген. Зерттеу нәтижелері бизнес белсенділігі мен қаржылық көрсеткіштердің TikTok-тағы жұмыспен тікелей байланысты екенін көрсетті.
«Апта сайын контент жариялайтын әр сегізінші компания табысының жартысынан астамын осы платформадан табады. Ал 63% кәсіпорын жылдық табысының кем дегенде 5%-ын TikTok арқылы қалыптастыратынын айтты», — деді Райымбек Баталов.
Сондай-ақ «Даму» қорымен бірлесіп, кәсіпкерлерге TikTok құралдарын тиімді пайдалану бойынша оқыту бағдарламасын кеңейту жоспарлануда. Баталовтың айтуынша, шағын бизнесті дамытуда заманауи цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен енгізу – «Атамекен» палатасының басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыт Үкіметпен бірлесіп әзірленіп жатқан қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау шараларымен қатар, TikTok секілді халықаралық платформалардың тәжірибесін қамтиды.
Өз кезегінде Сергей Соколов Қазақстанды аймақтағы ең жылдам дамып келе жатқан нарықтардың бірі ретінде атап өтті. «TikTok мүмкіндіктерін пайдалану әлеуеті мұнда әлі толық ашылған жоқ. Біз “Атамекенмен” және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бизнестің цифрландыру деңгейін жаңа сатыға көтеруге дайынбыз», — деді ол.
Зерттеу қорытындысы бойынша TikTok-та ең жоғары нәтижелерге шығармашылық және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар – қонақ үй және демалыс индустриясы, ойын-сауық, сұлулық пен денсаулық қызметтері жеткен. Сонымен қатар білім беру мен туризм бағытындағы контент те сұранысқа ие болып отыр: қазақстандық мұғалімдер мен мәдени және туристік жобалардың бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған.
Кездесуде цифрлық қауіпсіздік, онлайн орта мәдениеті және тұрақты даму мәселелеріне де назар аударылды. Бұл бағыттар уәкілетті органдармен бірлесе жүзеге асырылады.
Серік Жұманғарин TikTok бастамалары мен зерттеу нәтижелерін оң бағалап, Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлік бағыты осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

