ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ҚАЗАҚСТАН – АКАДЕМИЯЛЫҚ БІЛІМ АЙМАҒЫ» СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР ФОРУМЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі. Президент білім мен ғылымды барлық елге ортақ, шекара талғамайтын стратегиялық сала ретінде атап өтті. Оның айтуынша, форум — жаһандық білім мен ғылымның даму бағыттары талқыланатын маңызды алаң.
Деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш. Соңғы жылдары Қазақстанда жоғары білім мен ғылым жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі үш есеге артқан. Президент «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданғанын, сондай-ақ Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы жастарды қолдау шараларына да тоқталды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында әр бала 18 жасқа толғанға дейін жеке есепшотына қаржы жинақтайды. Бұл қаражат кейін тұрғын үй алуға немесе білім алуға жұмсалады. Сонымен қатар «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі енгізіліп, балаларға арналған бастапқы білім беру капиталы қалыптастырылуда.
Президент еліміздегі университеттердің халықаралық рейтингтердегі көрсеткішінің жақсарып келе жатқанын да айтты. Бүгінде Қазақстанның бес жоғары оқу орны Times Higher Education тізіміне енген. Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштер елдің жоғары білім сапасының артып келе жатқанын дәлелдейтінін жеткізді.
Сондай-ақ Президент жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда ЖИ технологияларын енгізу стратегиялық басымдық болып саналады. Елде AI Sana бағдарламасы іске қосылып, 540 мыңнан астам студент оқу курсынан өткен. Сонымен қатар мектеп пен университеттерде жасанды интеллект пәні міндетті курс ретінде енгізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жоғары білім саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп жатқанын айтты. Қазір елде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді, ал 31 мыңнан астам шетелдік студент қазақстандық университеттерде білім алуда. Бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Форумда Президент білім мен ғылым саласының экономиканың нақты сектормен байланысын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бизнес құрылымдардың университеттермен серіктестігі күшейіп келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында ғылым мен білім – ұлттың болашағының кепілі екенін атап өтіп, стратегиялық серіктестерге Қазақстанның білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Форумға шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық корпустың мүшелері қатысты.


 
							 
							