BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

БІР ЖЫЛ ІШІНДЕ ОНЛАЙН-ФОРМАТТА 2,4 МИЛЛИОН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жолғы отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде көші-қон саясатын жетілдіре түсу бойынша мәселелер қаралды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Отырыста Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы баяндады. Оның айтуынша, есепті кезеңде азаматтар мен ұйымдар үшін көші-қон саласында 23 мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның ішінде 13-і онлайн режимде қолжетімді болды. Жалпы, бір жыл ішінде онлайн-форматта 2,4 миллион қызмет көрсетілген.

Ең көп сұранысқа ие болған қызметтер қатарына:
– ҚР азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру;
– тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу;
– тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару және басқа да қызметтер жатады
.

Министрлік көші-қон саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық трансформациялау аясында бизнес-үдерістерді талдау және оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде. Соның бірі – «Иммигрант» кейсі. Қазіргі модельде иммигранттарды қолдау әр кезеңде адамның жеке қатысуын талап етеді. Мысалы, визаға өтініш беру, ЖСН, рұқсаттар мен мәртебелерді алу – барлығы дерлік тікелей қатысуды қажет етеді. Бұл үдеріс онға жуық мемлекеттік қызметті қамтып, бір деректің бірнеше мәрте тексерілуіне алып келеді. Бірыңғай ақпараттық жүйенің болмауы – кідірістерге, қателерге және мемлекеттік органдарға түсетін жүктеменің артуына себеп болып отыр.

Реинжиниринг нәтижесінде жаңа модель енгізілуде. Жаңа үлгіде:


– сапар мақсаты мен өтініш берушінің деректері алдын ала анықталады;
– барлық көші-қон үдерістері бірыңғай цифрлық қызметке біріктіріледі;
– тексерулер автоматты режимде жүзеге асырылады;
– өтініш берушімен өзара іс-қимыл бірыңғай кіру нүктесі арқылы жүзеге асады;
– көші-қондық ағындарды болжауға арналған талдамалық база қалыптастырылады
.

Министрдің айтуынша, бұл модель үдерістерді 60–70%-ға қысқартып, қарау мерзімдерін азайтады, қайталанатын әрекеттерді жояды, ашықтықты арттырып, басқаруды жеңілдетеді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ресурстары оңтайландырылады және ел имиджінің нығаюына ықпал етеді деп күтілуде.

Жоғары білікті IT-мамандарын тарту және оларды елдің цифрлық экожүйесіне бейімдеу мақсатында Digital Nomad Residence және Digital Nomad Visa бағдарламалары іске қосылды. Алғашқысы – шетелдік ІТ-мамандарға тұруға ықтиярхатты толық онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұрынғыдай елге келу, ЖСН мен ЭЦҚ рәсімдеу, табыс көзін растау талап етілмейді. Бүгінде өтініштер egov.kz және astanahub.com платформалары арқылы қабылдануда.

Екінші бағдарлама – цифрлық көшпенділерге арналған арнайы виза. Бұл құжат шетелдік мамандарға Қазақстанда 1 жыл мерзімге дейін жұмыс істеуге және ықтиярхат алу мүмкіндігін ұсынады. Бағдарлама аясында бүгінге дейін 204 өтініш қабылданған. Алғашқы визалар Алжир мен Ботсвана азаматтарына берілген.

Сонымен қатар, QazETA мобильді қосымшасы таныстырылды. Бұл – Қазақстанда жүрген шетелдіктерге арналған сервистік платформа. Ол виза рәсімдеу, тіркеу, көлік, байланыс, медицина, туризм және инвестициялық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Қосымша 2025 жылғы 15 шілдеден бастап PlayMarket-те қолжетімді. AppStore-да орналастыру осы айдың соңына дейін жоспарлануда.

Бұдан бөлек, биылғы қазан айында екі жаңа үдеріс – ETA (Electronic Travel Authorization) және E-residency іске қосылады. ETA визасыз елдер азаматтарына Қазақстанға кіруге рұқсат беруді көздесе, E-residency – шетел азаматтарына елге келмей-ақ АХҚО юрисдикциясында бизнес тіркеуге мүмкіндік береді. Жоба Эстония мен Сейшел тәжірибесіне негізделген.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *