BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАНДА КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫН ЖЕТІЛДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көші-қон саясатын одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінде берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылады,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы байқалады. Бұл – елдің жұмыс істеуге және тұрақты өмір сүруге қолайлы мемлекет ретіндегі тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Көші-қон үдерісі әсіресе Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында қарқынды жүріп жатыр.

Премьер-Министр қазіргі геосаяси жағдайда көші-қон саясатының маңыздылығы арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, көші-қонды басқару бойынша нақты реттеуді қамтамасыз ету үшін заңнамалық базаны кешенді түрде талдау қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың функционалдық мүмкіндіктерін қайта қарап, заңсыз көші-қон, аймақтар арасындағы теңсіздік және деректердің бірізділігі мәселелерін шешу міндеті тұр.

Цифрлық қадағалау және дерек қорларын біріктіру

Олжас Бектенов шекарадан өткен азаматтардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін көші-қон ID-картасын енгізу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қарашаға дейін көші-қон процестерін тіркейтін Бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу жүктелді. Бұл платформаға барлық ведомстволық дерекқорлар біріктірілуі тиіс.

Қосымша міндеттер мен тапсырмалар

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қазанға дейін 2030 жылға дейінгі өңірлік саясат тұжырымдамасымен үйлестірілген көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасын әзірлеуі тиіс;
– Елімізге оралған этникалық қазақтар үшін алдын ала сауалнама құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Бұл олардың әлеуетін бағалауға және елдің солтүстік пен шығыс өңірлеріне бейімделуін арттыруға бағытталады;
– Ішкі істер министрлігі мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға көші-қон заңнамасын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар, шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің қызметін лицензиялау қажеттілігі айтылды. Бұл мақсатта жыл соңына дейін тиісті заңнамалық түзетулер әзірленуі тиіс.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *