ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА ҮЗДІК ҮШТІКТЕ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Онда өңірдің 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджеттің атқарылуы және орындаушылық тәртіп мәселелері талқыланды.
Деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өңірдің жалпы экономикалық өсімі 10,2 пайызды құрап, өнеркәсіп, құрылыс, байланыс, ауыл шаруашылығы, көлік және сауда салаларында оң динамика байқалды.
Өнеркәсіп саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді – облыс кәсіпорындары 967,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 18,3 пайызды көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республика өңірлері арасында бірінші орынға шықты.
Ауыл шаруашылығы саласында 363 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 214 млрд теңге, мал шаруашылығы – 148 млрд теңге. Биыл егістік алқабы 639,7 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артты. Облыс диқандары 396,1 мың тонна дәнді, 31,3 мың тонна майлы дақыл, 206,5 мың тонна картоп және 1,2 млн тонна көкөніс өнімін жинап үлгерген.
Инвестиция тарту бағытында да оң нәтиже байқалады. Негізгі капиталға 491 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 398,8 млрд теңгесін жеке сектор құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға артық. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикада екінші орынға ие болды.
– Экономиканың дамуы ең алдымен инвестиция тартуға байланысты. Өңірдің әлеуеті зор, әсіресе туризм саласын өркендетуге мүмкіндік мол. Осыған орай, туризм және инвестиция басқармасын құру жұмыстары басталды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Құрылыс саласында 254,9 млрд теңгенің жұмыстары атқарылып, өсім 16,5 пайызды көрсетті. Сондай-ақ 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сауда айналымы 752,4 млрд теңгені құрап, бөлшек сауда 2,6 пайызға, көтерме сауда 0,1 пайызға артты. Көлік қызметтері 469,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті.
Сонымен бірге Сарысу, Мойынқұм және Қордай аудандарында бірқатар көрсеткіштердің төмен деңгейде қалып отырғаны атап өтілді.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында әр аудан мен басқарма нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізуі қажет екенін айтты.
– Экономикалық көрсеткіштер мен халықтың тұрмыс сапасы – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты өлшемі. Негізгі мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, жоспарларды сапалы орындау, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңейтілген мәжілісте кейбір аудандардың көрсеткіштеріне қатысты жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылды. Қордай ауданының әкіміне – «ескерту», оның орынбасарына және Мойынқұм мен Шу аудандары әкімдерінің орынбасарларына – «қатаң сөгіс» берілді.
Жиында облыс әкімінің аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев орындаушылық тәртіп мәселесі бойынша баяндама жасады. Ербол Қарашөкеев әр тапсырманың артында халықтың қажеттілігі тұрғанын атап өтіп, бұл бағыттағы кемшіліктерге жол берген мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін қарауды тапсырды.

