BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ГРУЗИЯНЫҢ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Грузияның экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвилимен кездесті. Келіссөз барысында сауда және инвестициялық байланысты кеңейту, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, көлік-логистикалық өзара іс-қимылды тереңдету, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясындағы ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені саласындағы тауар айналымын ұлғайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Премьер-министр Қазақстанның Грузияны тұрақты әрі сенімді экономикалық әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылғы қаңтар–мамыр аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 75,2 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,7 пайызға артқан.

Сондай-ақ тараптар көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға баса назар аударды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан мен Грузия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы көлемі 159,5 мың тоннадан асып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 67 пайызға өскен.

ТХКБ-ны дамыту аясында айтарлықтай ілгерілеу ретінде PTC Holding компаниясы салған, жылына 120 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) өңдеуге қауқарлы жаңа контейнерлік терминалдың Грузияның Поти портында іске қосылуы аталды. Бұл – Грузияның маңызды теңіз хабтарының бірі аумағында жүзеге асырылған алғашқы қазақстандық инфрақұрылымдық жоба.

«Бұл – орта дәліз бойындағы жүк тасымалы көлемін арттыру жолында жүзеге асқан табысты бірлескен жұмыстың айқын үлгісі. Аталған жоба Қытайдың Ляньюньган мен Сиань қалаларындағы логистикалық терминалдарды қоса қамтитын ТХКБ аясында Қазақстанның инфрақұрылымын тиімді толықтырып отыр. Осылайша, Шығыс Азияны Еуропамен байланыстыратын тұтас әрі үйлесімді логистикалық тізбек қалыптасуда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кездесу аясында тараптар дәлізді одан әрі жетілдіру арқылы оның тиімділігін арттыру, транзиттік жүк көлемі мен шетелдік инвестицияны ұлғайту, сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның өңірлік логистикалық хаб ретіндегі орнын күшейту мүмкіндіктеріне назар аударды.

Бұған қоса, Батуми мұнай терминалы мен порт инфрақұрылымын кеңейту, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін – астық, ұн, ет-сүт және кондитерлік тауарларды грузин нарығына жеткізуді арттыру мәселелері де талқыланды.

Өз кезегінде Мариам Квривишвили Қазақстанмен сауда, туризм және көлік инфрақұрылымы салаларында серіктестікті кеңейтудің маңызын атап өтіп, екіжақты туристік байланыстарды нығайтудың, экономикалық өсімді ынталандыру мен көлік желісін жетілдірудің өзектілігін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асыруға және Үкіметаралық комиссия аясында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *