BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ: ИНФЛЯЦИЯНЫ ТЕЖЕУ ШАРАЛАРЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ БОЛЖАМ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді. Жиында инфляцияны тежеу бағытындағы нақты шаралар мен алдағы жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі параметрлері қаралды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылғы маусым қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 11,8%-ды құраған. Бұл көрсеткішке әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық, тарифтік реформалар, ішкі сұраныстың артуы және инфляциялық күтулер әсер еткен.

Бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет, Ұлттық банк және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүйелі жұмыстар атқаруда. Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі қысқа және ұзақмерзімді іс-шаралар кешені әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілу сатысында тұр.

Негізгі бағыттар қатарында ішкі өндірісті арттыру, тарифтік саясаттың болжамдылығын қамтамасыз ету, базалық тұтыну тауарларына бағаны тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету бар. Сонымен қатар, сауда үстемелеріне бақылау, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және отандық өндірісті қолдау жұмыстары жалғасуда.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері 15%-дан асып кеткен сауда үстемесіне қатысты 1847 әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынған. Коммуналдық қызмет тарифтерін негізсіз өсіруге жол бермеу бағытында да шаралар қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы инфляциялық қысым 0,5 пайыздық тармақты құраған.

2023 жылы қабылданған шаралар инфляциялық қысымды 4,16 пайыздық тармаққа төмендетуге ықпал етіп, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,3 пайыздық тармаққа дейін түскені атап өтілді. Қазіргі уақытта инфляцияға қарсы шаралар кешені өзектендіріліп, 2026 жылға дейін ұзартылды.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, Қазақстан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ЕАЭО және Орталық Азия елдері арасында бәсекелестік баға деңгейін ұстап отыр. Атап айтқанда, сиыр еті 30%-ға, картоп пен сәбіз 38%-ға, пияз 47%-ға, ал қырыққабат 50%-ға арзан. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, баға нарықтық деңгейден төмен ұсынылған. Сонымен қатар, жұмыртқа бағасы 8,7%-ға арзандады. Маусымнан тыс кезеңдерде бағаны тұрақтандыру мақсатында 30,3 мың жеткізу келісімшарты жасалған.

Қытай, Пәкістан және Өзбекстаннан ерте пісетін көкөністер жеткізілуде. Ішкі нарықты қорғау мақсатында бірқатар өнімді, соның ішінде картоп, аналық ірі қара және бұқашықтарды сыртқа шығаруға шектеу енгізілген.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жеткен. Азық-түлік өндірісі 10,5%-ға артқан. 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі кешенді жоспар аясында импортқа тәуелді 289 жобаны қоса алғанда, жалпы 677 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Күнбағыс майына қатысты бағаның өсуі байқалғанымен, нақты шаралар қабылданып отыр. 2024 жылы бұл өнімнің өндірісі 15%-ға өсіп, ішкі сұраныстан екі есе артық көлемге жеткен. Алты ай ішінде өндіріс көлемі 388 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,3%-ға артқан. 294 мың тонна күнбағыс майы экспортталып, өсім 41%-ды құраған. Қазіргі таңда жалпы қуаттылығы 421 мың тонна болатын бес ірі қайта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде.

Жиын соңында Премьер-министр инфляцияға қарсы саясаттың жүйелі әрі тиімді болуы қажеттігін атап өтті. Ол Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді іс-қимылы маңызды екенін, ал қабылданған шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.

– Инфляцияны төмендету міндеті кешенді тәсілді талап етеді. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, белгіленген мақсаттарға дәйекті түрде қол жеткізу үшін нақты жұмыс жүргізетін болады, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *