МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БАС ПРОКУРОР БЕРІК АСЫЛОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Бұл туралы «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Президентке елдегі заң үстемдігінің жай-күйі мен прокуратура органдарының негізгі қызмет бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері баяндалды.
Арнайы прокурорлардың мемлекет мүддесіне, азаматтардың құқықтарына, сондай-ақ азаптауға қатысты резонансты қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысы туралы есеп ұсынылды. 2025 жылы арнайы прокурорлар сотқа 55 қылмыстық іс жолдап, 112 адам сотталғаны белгілі болды. Қазіргі таңда тағы 80 іс соттардың қарауында. Тергелген істер бойынша жалпы сомасы 14,4 миллиард теңге залал өтелген.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына қылмыстық жолмен алынған кірістерді іздестірудің жаңа тәсілдері және оларды ел экономикасына тиімді пайдалану жолдары жөнінде ақпарат берілді. Қозғалған істер аясында жалпы құны 105 миллиард теңге болатын мүлікке тыйым салынған. Оның ішінде 12 миллиард теңгеге жуық активтер есірткіге қарсы істер бойынша тәркіленген.
Кездесу барысында Берік Асылов активтерді қайтару бағытындағы жұмыстар туралы да баяндады. Соңғы екі жылда прокуратура органдары арқылы 850 миллиард теңгенің активтері мемлекетке қайтарылған. Аталған қаражат есебінен өңірлерде шамамен 400 әлеуметтік және коммуналдық нысан салу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың 60-ының құрылысы аяқталған.
Сондай-ақ, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында және бизнесті қолдау мақсатында Бас прокуратураға қарасты бір ведомствоның атауын өзгерту жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс инвестициялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада заңдылықты қамтамасыз ету және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуды жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар құқық қорғау және мемлекеттік органдардың алаяқтыққа, есірткі саудасына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге қарсы іс-қимылын, сондай-ақ бизнесті негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермеу шараларын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.