ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ НОРМАЛАРЫН ТҮСІНДІРУ БАСТАЛДЫ
Мемлекет басшысы қол қойған Салық кодексі күшіне енгеннен кейін, елімізде құжатты түсіндіру бойынша жүйелі ақпараттық жұмыс басталды. Алғашқы жария шара «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Палата президиумының төрағасы Райымбек Баталов қатысты. Семинар-кеңес офлайн және онлайн форматта өтті, оған салалық қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық белсенділері тартылды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында мемлекеттік органдардың мамандары бизнес субъектілеріне жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістерді түсіндіріп берді. Қатысушылар қатарында машина жасау, фармацевтика, қоғамдық тамақтану, бөлшек сауда, денсаулық сақтау, сондай-ақ салық кеңесшілері мен өзге де сала өкілдері болды.
Арнайы салық режимдері қысқартылды
Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаевтың айтуынша, жаңа кодексте арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқартылған. Олар:
өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режим;
жеңілдетілген декларация негізіндегі режим;
шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режим.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға арналған режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы еңбек күшін пайдаланбайтын және заңнамада рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын азаматтарға қолжетімді. Бұл ретте олардың айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы тиіс. Бұл санаттағы азаматтар жеке табыс салығынан босатылады және тек 4% мөлшерінде әлеуметтік төлем жүргізеді.
Жеңілдетілген декларация және фермерлерге арналған шарттар
Жеңілдетілген декларация режимін қолданатын салық төлеушілер үшін ҚҚС пен әлеуметтік салықты төлемеу мүмкіндігі сақталады. Бұл режим жылдық табысы 600 мың АЕК-тен (шамамен 2,4 млрд теңге) аспайтын кәсіпкерлерге арналған, жалдамалы жұмысшы санына шектеу қойылмаған.
Фермерлік шаруашылықтарға келсек, қолданыстағы режим сақталады. Алайда, бірыңғай жер салығының күшін жоюға байланысты жалпы табыстың 0,5%-ы мөлшерінде табыс салығы енгізіледі. Сонымен қатар, мақсатсыз пайдаланылған немесе заң бұзу арқылы қолданылған ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салық мөлшерлемелері 20-дан 40 есеге дейін артты.
Әкімшілендіру жеңілдетіледі
Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға бағытталған. Есептілік 30%-ға, салық түрлері 20%-ға қысқарады. Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктер мен алымдарды оңтайландыру, әкімшілендіру тәсілдерін өзгерту көзделген.
Мысалы, бұрын салық берешегін өндіріп алу шаралары 6 АЕК-тен бастап қолданылса, енді бұл шаралар берешек мөлшеріне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асады:
20 АЕК-ке дейін – тек ескерту беріледі;
20–45 АЕК аралығында – хабарлама жіберіліп, төленбеген жағдайда банктік шоттар бұғатталады;
45 АЕК-тен жоғары берешек кезінде – мүлік саудаға шығарылып, дебиторлық берешек арқылы өндіру жұмысы жүргізіледі.
Бизнес өкілдері ұсыныс айтты
Семинар барысында қатысушылар өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Қоғамдық тамақтану ұйымының төрағасы Вероника Даугалиева жеңілдетілген декларация режимінде шығындарды корпоративтік табыс салығы есебінен шегеру мүмкіндігін қалдыруды ұсынды. Ал Құрылыс салушылар қауымдастығының өкілі Виктор Микрюков заңды тұлғаларды мәжбүрлеп жою рәсімін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Жаңа Салық кодексінің нормалары түсіндірілетін мұндай кездесулер алдағы уақытта өзге өңірлерде де жалғасады.