МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдап, өңірлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысымен танысты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпарат агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына өңірлік саясатты үйлестіру үшін құрылған жобалық кеңсенің жұмысы жөнінде есеп берілді. Қанат Бозымбаев өңірлік стандарттар жүйесін енгізу арқылы облыстар мен елді мекендер арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті азайту көзделіп отырғанын атап өтті. Жаңа тәсіл аумақтық дамуды жоспарлауда нақты өлшемдерге сүйенуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Президентке энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Аталған жоба шеңберінде 86 мың шақырымдық коммуналдық желі салынып, жаңартылмақ. Сонымен қатар жалпы қуаты 7,3 гигаватт болатын жаңа генерация көздерін іске қосу жоспарланған. Бұл ретте, отандық өндірушілердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен энергетика салаларындағы мүмкіндіктерін барынша пайдалану көзделіп отыр.
Қабылдау кезінде халықты сапалы ауызсумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Бұл бағытта халықаралық тәжірибесі бар трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді теңгерімді дамыту – стратегиялық маңызы бар міндет екенін атап өтіп, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бірыңғай цифрлық экожүйе енгізу, су саласын цифрландыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.