ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ҚУАНТУДА
Білім мен ғылымға құмартқан жастардың қатары артып келеді. Солардың бірқатары Тараз инновациялық лицейінің оқушылары. Олар түрлі халықаралық байқаулар мен сайыстарда топ жарып жүр. Жетістіктерімен көзге түскен оқушылармен арна тілшілері тілдесіп қайтты.
Дарынды балаларды даярлау – заман талабы. Ал оларды оқшауландыратын ерекшеліктері – ақыл ойы, зерттеушілік қабілеті. Сондай ерекше балалардың бірі – Рауан. Оның биологияға деген қызығушылығы 7 сыныбында оянған. 8 сыныптан 11 сыныпқа дейін республикалық жарыстардан орын алып, қазірде халықаралық олимпиаданың қола медаль иегері атанып отыр. Рауанның сөзінше халықаралық олимпиада оған көптеген есіктерді ашқан. Оның бірі Назарбаев университетіне жолдама.
- Сол республикалық олимпиада және халықаралық олимпиада арқылы мен өзім Назарбаев университетіне жолдама алдым. Маған Назарбаев университеті толық грант берді. Мен өзім медицина саласына көптеген үлесімді қосамын деп ойлаймын.Сол Назарбаев университетінің медицина факультетіне түсіп, болашақта мемлекетімізге пайда тигіземін деп ойлаймын, – дейді Тараз білім инновация лицей интернатының түлегі Рауан Есен
Дәл сондай Тараз инновациялық лицейінің дарынды оқушысы Қанат Нұрғанатың Қазақстан тарихы пәніне деген бейімі ашылып, қызығушылығы ояна түскен. Оның айтуынша, ол 9 сыныпта оқи тұра, өзінен жоғары 10-11 сынып оқушыларымен олимпиадаларға қатысады.
- Бұл жерде айта кететін нәрсе мен 9 сынып бітіріп жатырмын. Бірақ республикалық олимпиадаларға 10-11 сыныптар ғана қатыса алатындықтан мен өзімнен 1 немесе 2 сыныпқа үлкен адамдармен қатысып, жеңімпаз атандым. Бұл менің тарихқа деген қызығушылығымды, ынтамды көрсетеді деп ойлаймын, – дейді Тараз білім инновация лицей интернатының 9-сынып оқушысы Қанат Нұрғанат
Айта кетейік, дарынды оқушыларды даярлау үшін облыста “Жамбыл дарыны” аймақтық ғылыми-практикалық орталығы 2021 жылдан бері жұмысын атқарып келеді. Олардың мақсаты өңірдегі ерекше қабілетті оқушыларды қолдау және әрі қарай дамыту.