BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ: ПРЕЗИДЕНТТІҢ ХАЛЫҚТЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУ – ҮКІМЕТТІҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту, сондай-ақ цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері қаралды -деп хабарлайды «Taraz24news.kz»ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Отырыста салалық министрліктер мен өңір әкімдіктерінің өкілдері баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен алдағы жоспарларға тоқталды. Атап айтқанда, Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев өз салалары бойынша есеп берді.

Министрліктің деректеріне сәйкес, бүгінде қала халқының 99,3%-ы, ауыл тұрғындарының 97,5%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 90 қаланың 73-і таза сумен толық қамтамасыз етілген. Қалған 17 қалада бұл жұмыс биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов бұл бағыттағы жобаларды уақтылы және сапалы іске асырудың маңыздылығына назар аударды.

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндет. Бұл Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған мәселе. Қажетті қаржы республикалық бюджетте қарастырылған. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді қайтару аясында арнайы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңге бөлініп, шамамен 230 жоба іске асырылатын болады», — деді Премьер-министр.

Климаттық өзгерістер, су тапшылығы және тұтыну көлемінің артуы жағдайында үнемдеу технологияларын енгізудің өзектілігі атап өтілді. Су құбырларын дамыту жұмыстары елді мекендерді дамытудың бас жоспарларымен тығыз байланыста жүзеге асырылуы тиіс.

Премьер-министр нақты жобалар бойынша да тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда:

  • Ақмола облысы әкімдігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігіне – елорда маңындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылдау;
  • «Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысы әкімдігіне – 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосып, Жаңаөзенге су беруді қамтамасыз ету;
  • Қаржы, Индустрия және құрылыс министрліктеріне – Ұлытау облысы әкімдігімен бірге Жезқазғандағы су тазарту құрылғысын жаңғырту жобасын 1 тамызға дейін қосымша қаржыландыру жөнінде шешім қабылдау.

Бектенов коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртудың, тозған желілерді ауыстырудың және жаңа инфрақұрылым салудың қажеттігін атап өтті. Бұл жұмыстар қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын болады.

Отырыс қорытындысы бойынша өңір әкімдіктеріне жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын толық аяқтау тапсырылды. Бұл үшін бірінші басшылар тікелей жауапты болмақ.

Қаржы министрлігіне – жергілікті органдарға қаржының дер кезінде аударылуын қамтамасыз ету міндеттелді. Ал Индустрия министрлігіне – кәріз-тазарту құрылыстарының тиімділігін арттырып, су тазалау сапасын жақсарту қажет.

Бұдан бөлек:

  • Су ресурстары министрлігі 2025 жылдың соңына дейін топтық су құбырларын салу мен жаңғырту жұмыстарын аяқтап, 2026 жылы оларды әкімдіктер балансына беру тәртібін Қаржы министрлігімен бірге пысықтауы тиіс;
  • Ұлттық экономика министрлігі – мүлікті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру механизмін құқықтық тұрғыда реттеуді қамтамасыз етеді;
  • Су ресурстары және индустрия министрліктері – су объектілерінің цифрлық паспортын енгізу және интеллектуалды су кадастрын әзірлеу мәселесін талдайды;
  • Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және «Бәйтерек» холдингі – инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша келісілген іс-шаралар жоспарын қабылдайды.

Премьер-министр су ресурстары саласын жаңғырту – тек техникалық емес, әлеуметтік маңызы зор мәселе екенін ескере отырып, барлық мүдделі органдардан жедел әрі үйлесімді жұмыс талап етілетінін қадап айтты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *