BASTY BETJAŃALYQTARАймақ

БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА ҮШ ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ПУНКТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Дихан-2, Тегістік және Базарбай ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі.

Медициналық нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, аудан әкімі Олжас Баққараев және жергілікті тұрғындар қатысты.

Жаңа медициналық мекемелер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге, ана мен бала денсаулығын бақылауға, профилактикалық тексерулер жүргізуге мүмкіндік береді. Ғимараттар толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым нысандардың ашылуы – халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек бұл бастаманың ауыл халқы үшін маңызын ерекше атап, жаңа пункттердің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

Байзақ ауданында қазіргі таңда 44 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. 2024 жылы үш медициналық мекеме пайдалануға берілсе, бүгін тағы үшеуі іске қосылды.

Аудан әкімі Олжас Баққараевтың айтуынша, енді ауыл тұрғындары аудан орталығына қатынамай-ақ, алғашқы медициналық көмекті жергілікті жерден ала алады. Бұл медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етпек.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *