КЕНЕМЕН КҮРЕС МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
Жаз кезеңі кенелердің жандануына байланысты аурудың өсуімен сипатталады.Кенелермен берілетін аурулардың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Аса қауіпті жұқпалы ауруды жұқтырғандар медициналық көмекке уақытылы жүгінбесе, науқас өліп кетуі де мүмкін.
Жыл сайын әкімдік пен аумақтық санитарлық -эпидемиологиялық бақылау департаменті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттанудың алдын алу мақсатында көктемде кенеге қарсы іс-шаралар өткізеді. 2024 жылы облыста аталған вирусқа шалдығудың 2 жағдайы тіркелген. Ал биыл инфекцияны жұқтыру жағдайы орын алмаған. Десе де, аса қауіпті жұқпалы аурудың таралмауы үшін белсенді түрде жұмыстар жүргізілуде. Бүгін өткен аппарат жиынын да осы мәселе қозғалып, облыс әкімі инфекцияның таралмауына жол бермеу керектігін баса айтты.
Кенелер жануарлармен қатар, өсімдіктерде де мекендейді. Ересектер білуі мүмкін, алайда көптеген мектеп жасындағы жасөспірімдер одан хабарсыз. Осы мәселені бақылауда ұстаңыз,-деді облыс әкімі.
Аса қауіпті жұқпалы аурудың бұл түрі қазан-қараша айларына дейін созылуы мүмкін.Осы орайда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарымен бір мезгілде ветеринариялық қызмет мамандары буферлік аймақтарға, мал мен мал қораларына кенеге қарсы өңдеу жүргізеді. Қазіргі уақытта науқастарды уақытылы емдеумен қамтамасыз ету үшін ПЦР тесттер, дәрі-дәрмектер, дезинфекциялық құралдар мен қан алмастырғыштардың қажетті резервтік қоры да құрылған.
Айта кететін жайт, вирустың таралуын тоқтату және инфекцияның алдын алу үшін кенені мүмкіндігінше тез алып шығу керек. Оны пинцетпен ұстап, тым қатты қыспай, оны баяу және мұқият тартып алу қажет. Алынған кенені ыдысқа салып, оны қақпақпен мықтап жауып, емдеу-алдын алу мекемесіне хабарласу керек.
Автор: Махаббат Кусаин