BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЕКІ ЖАҢА БІЛІМ ОШАҒЫ АШЫЛДЫ

25 қазан – Республика күніне орай Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қарасу және Қаракемер ауылдарында 300 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа білім нысандарының іске қосылуымен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде білім беру саласын дамыту – ел болашағына бағытталған маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Екі мектептің құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүргізілді.

Қарасу ауылындағы №53 орта мектеп заманауи стандарттарға сай салынған. Онда 28 оқу кабинеті, 80 орындық мәжіліс залы, асхана, кітапхана, кең спортзалы, STEM, робототехника және компьютер сыныптары бар. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған коворкинг орталығы, шеберханалар мен ғылыми зертханалар жұмыс істейді.

Жаңа білім ұясының ашылуы Қарасудағы үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп, 232 оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік берді. Мектепте 25 педагог қызмет етеді, олардың қатарында түрлі санаттағы білікті ұстаздар бар.

Қаракемер ауылында ашылған №54 орта мектеп те заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың қауіпсіздігі мен жайлы ортада білім алуына жағдай жасалған.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жаңа мектептердің ашылуы Қордай ауданындағы білім беру инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, ауыл балаларына қала мектептеріндегі деңгейде білім алуға жол ашатынын атап өтті.

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 қосымша ғимарат пайдалануға берілмек. 2026 жылы тағы 11 жаңа мектептің құрылысы басталады.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде бұған дейін төрт жаңа мектеп пайдалануға берілген. Оның бірі Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында, үшеуі Тараз қаласында орналасқан. Бүгін қосылған екі мектеп Қордай ауданында ашылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *