BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Отбасының цифрлық картасын» өзектендіру және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңесте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов облыстағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қазіргі ахуалы туралы баяндады. Оның мәліметінше, өңірде 337,1 мың отбасы бар. 2025 жылдың басында әлеуметтік осал Д және Е санатындағы 98,8 мың отбасы тіркелсе, биыл 4 қазанға дейін олардың саны 87 562-ге дейін азайған.

Биыл 31,5 мың отбасы жоғары санатқа ауысқан, ал 18,4 мың отбасы қайтадан Д және Е санаттарына қосылған. Облыс бойынша 23 720 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 9 493-і жұмысқа орналастырылған. Жыл соңына дейін 65 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 50 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылып отыр.

Ербол Қарашөкеев жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне халықтың табысын арттыру, жұмыссыздықты азайту және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Кеңесте табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесін көтерді. Облыс аумағында 163 полигон бар, оның 159-ы коммуналдық меншікте, төртеуі жеке нысан ретінде тіркелген. Қазіргі таңда бұл полигондарда 3,2 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналған. Оның 73,3 мың тоннасы – биылғы жылы жинақталған қалдықтар.

Қалдықтарды жинау инфрақұрылымын дамыту мақсатында өңірде 3 654 контейнер орнатылған. Бұл қызметпен облыс тұрғындарының 88,1 пайызы қамтылған. Дегенмен, Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарында көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр, себебі қалдық шығару жұмыстары тек аудан орталықтарында жүргізіледі.

Облыс әкімі тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару ісінің өзектілігін атап өтіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасуы қажет екенін айтты. Әрбір елді мекендегі полигондардың жай-күйі мен тазалық деңгейі тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен әкімдіктерге қалдықтарды өңдеу қондырғыларын орнату, полигондардың санитариялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету, «Жасыл даму» АҚ-мен бірлескен жобаларды іске асыру және стихиялық қоқыс үйінділерін жою шараларын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға жол бойындағы аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *