ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ ҚАБЫЛДАНДЫ
Парламент мәжілісінде Салық кодексінің жобасы қаралды. Енді қосылған құн салығының шегі 40 млн теңге болады. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қиындайды. Үкімет басшысының орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс отырысында осылай деді.
Сіздердің қарауларыңызға жаңа салық кодексінің жобасы енгізілді. Жоба өткен жылғы қыркүйектен бастап қаралуда. Ағымдағы жылы оған тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Бірінші қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 процент болады. Екінші, қосылған құн салығының шегі 40 млн теңге болып белгіленеді,-деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Жалпы халықты, бизнес өкілдерін толғандырған қосымша құн салығы бойынша шекті мөлшерді көтеру бойынша ұсынысты Үкімет қолдады. Фракция салық заңнамасын жетілдіру үшін 7 бағыт бойынша ұсыныс берген еді. Оның да басым бөлігі қолдау тапты. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша бюджеттік шығыстар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі, отандық кітап шығару, археология саласы қосымша құн салығынан босатылды.
Жаңа салық кодексінің жобасында депутаттардың ұсынысы бойынша мынадай салық ставкалары сақталды:
– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап басып шығару, археология қосымша құн салығынан босатылады
– әлеуметтік салада, денсаулық сақтауда қосымша құн салығынан босатылған дәрілік заттардың әлеуметтік тізбесін Үкімет анықтайды. Тек ақылы медициналық қызметтерге 10% қосымша құн салығы салынады
– әлеуметтік саладағы корпоративті табыс салығы кезең-кезеңімен өседі – 2026 жылдан бастап 5%-ға және 2027 жылдан бастап 10%-ға
– арнаулы салық режимінде рұқсат етуші емес, тыйым салынатын тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның барлығына рұқсат беріледі
– ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін «минус 70%» жеңілдік ставкасы күшінде қалады
– өңдеу өнеркәсібі үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 20% күйінде қалады
– банк операциялары бойынша да қосымша құн салығы алынатын болады. Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп, бағаның өсуіне жол бермеу үшін қолданыстағы тарифтердің негізділігіне талдау жүргізеді