BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ПРЕЗИДЕНТ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА БІР ТОП АЗАМАТТЫ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРМЕН МАРАПАТТАУ ТУРАЛЫ ЖАРЛЫҚҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жарлығымен еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Өндірісті өркендетуге және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС механизаторы М.Қаражұманов пен Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ «Шахтинская» шахтасының учаске бастығы С.Чернобайға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Павлодар облысындағы «Галицкое» ЖШС директоры А.Касицин «Отан» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы К.Исаев, журналистика ардагері С.Харченко І дәрежелі «Барыс» орденімен, ал бірқатар ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен наградталды.

Еліміздің рухани дамуы мен зияткерлік әлеуетін арттыруға қосқан үлестері үшін белгілі ғалымдар, мәдениет және өнер өкілдері «Парасат» орденімен марапатталды. Олардың қатарында ақын Ғ.Жайлыбай, журналистика ардагері Е.Брусиловская және Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының дәрігері М.Башабаев бар.

Бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайту жолындағы еңбегі үшін Италиядағы «Social theater-Camogli» театрының көркемдік жетекшісі Аквавива Джузеппе ІІ дәрежелі «Достық» орденіне лайық деп танылды.

«Құрмет» орденімен медицина, өнер, архив ісі және өндіріс салаларының өкілдері марапатталды. Сонымен қатар, ұлт бірлігін нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге қосқан еңбегі үшін бірнеше этномәдени бірлестік басшылары «Ел бірлігі» орденімен наградталды.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының еңбеккерлері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің кавалерлері атанды.

Мәдениет және қоғам қайраткерлері З.Алтынбаева, Ә.Алтынбек, Н.Жмеренецкая, Б.Қажыбаев пен И.Сауэрге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Ақын М.Айтқожа мен жазушы Ғ.Қабышұлы «Қазақстанның халық жазушысы», ал Б.Әбділманов, М.Өтекешова және басқа да өнер қайраткерлері «Қазақстанның халық әртісі» атағына ие болды.

Денсаулық сақтау мен ғылым саласының өкілдері «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атақтарымен марапатталды.

Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталар атласын» құрастырушылар мен түсті металлургиядағы экологиялық қауіпсіздік зерттеулерінің авторларына берілді. Ал археолог З.Самашев пен тарихшы М.-А.Сыдықназаров А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері борышын адал атқарып, ерлік пен жанқиярлық көрсеткені үшін «Даңқ», «Айбын», «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Жұмысшы мамандықтары жылына орай, Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, өнеркәсіп, көлік, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы 500-ге жуық жұмысшы мен еңбеккер, шағын және орта бизнес, білім және медицина салаларының өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *