ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ӘЛЕУМЕТТІК-ЕҢБЕК САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫС ЕТТІ
Премьер-министр Олжас Бектенов Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған халықаралық форумға қатысып, кәсіби мереке қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан әлеуметтік-еңбек саласының өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс етті. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Форумға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық көші-қон ұйымы, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк және өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Премьер-министр өз сөзінде әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау мен әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру – мемлекет басымдық беріп отырған бағыттардың бірі екенін атап өтті. Олжас Бектенов Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту және цифрлық технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында әр азаматтың лайықты табыс табуына және сапалы әлеуметтік қызмет алуына жағдай жасалатынын атап өтті. Бұл бағытта әлеуметтік теңсіздікті азайту, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту және халықаралық стандарттарды енгізу – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, 2021–2025 жылдар аралығында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өсті. Сондай-ақ әкімшілік және көмекші персоналдың еңбекақысы да 30%-дан 40%-ға дейін ұлғайтылған.
Қазіргі уақытта халықты әлеуметтік қорғау саласында шамамен 40 мың маман еңбек етеді. Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен еңбегінің күрделілігіне қарай оқыту, сертификаттау және жаңа еңбекақы жүйесін енгізу көзделген.
Форум барысында Қазақстанда азаматтардың осал топтарын қолдау мақсатында енгізілген цифрлық шешімдер таныстырылды. Олардың қатарында бірыңғай цифрлық платформа, әлеуметтік қызметтер порталы және 2024 жылдың үздік жобасы – отбасының цифрлық картасы бар. Бұл карта 6 миллион отбасына қатысты деректерді қамтиды және 11 түрлі мемлекеттік қызметті проактивті түрде ұсынады.
Сонымен қатар Қазақстан халықаралық ұйымдармен бірлесіп, мүгедектігі бар және әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бес жылға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданып, БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы ратификацияланған.
Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының президенті доктор Мохаммед Азман форум қатысушыларына құттықтау жолдап, Қазақстанның әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді.
Форум аясында Премьер-министр заманауи технологиялық шешімдермен де танысты. Жамбыл облысынан келген стартапшылар мүгедектер арбасын тіл мен бас қимылы арқылы басқаруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі жобаларын таныстырды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар сала қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Құрмет» орденімен
- Майгүл Жақанова – еңбек сіңірген әлеуметтік сала қызметкері;
- Алмакүл Даутова – еңбек сіңірген әлеуметтік сала қызметкері;
- Марат Жаныбеков – «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Мұратбек Ищанов, Күлпаш Темірбекова, Нұргүл Дүкенова, Болат Үсембаев, Гүлназ Тлеуберлинова, Рафиса Ризванова, Ирина Колибер және Амангүл Нұрлаева марапатталды.
«Шапағат» медалімен
Кұрманай Қалиева, Татьяна Силко, Альмира Дисюпова және Зауреш Айтжанова марапатталды.

