«АСҚАҚ РУХТЫ ӘУЛИЕАТА»
Таразда «Асқақ рухты Әулиеата» атты кең көлемді поэзия кеші өтті. Ерекше форматта ұйымдастырылған игі шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, белгілі өнерпаздар, әдебиет пен мәдениет әлемінің майталмандары, сондай-ақ жас таланттар, жырсүйер қауым қатысты. Шара барысында республикалық әдеби байқауының жүлдегерлері марапатталды, – деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
Кеш барысында ұлттық өнер мен шығыс шайырларының шығармашылық мұрасы үндесті. Жыр мен әннің үйлесімі арқылы көпшілік рухани ләззат алды. Иә, Жамбыл өңірі дегенде Кенен Әзірбаев пен Жамбыл Жабаевтай тұлғаларымыз ойға оралады. Тарихы терең Жамбылды қалай жырласақ та жарасады. Өйткені тарих тереңіне сүңгіген сайын, жүріп өткен әрбір жолы мен оқиғасы аңызға айналған қасиетті мекен.
- Негізі осындай кешті әр бір қалада болғаны дұрыс. Мен жаңа ойлап келе жатырмын Алматыда осындай жасау керек деп. Сондықтан осы керемет кешке шақырып жатқан, тараз қаласының басшылығына, осы жердің кереметтей халқына ризашылығымызды білдіреміз. Өте керемет кеш болып жатыр, әдемі өлеңдер оқылып жатыр. Тарихтан бастап қозғалып жаңа керемет қойылымдар. Былайша айтқанда театр концерт бәрі араласқан керемет кеш болып жатыр, – дейді әнші, композитор Аққу Байжігіт
Аталмыш шарада «Поэзия» номинациясы бойынша Кенен Әзірбаев пен Жамбыл Жабаев атындағы жүлде қос ақын Нұржан Қуантай мен Ерлан Жүніске берілді. Бұдан бөлек «Проза», «Көркем аударма», «Сатира жанры» иен «Драматургия» номинациясы бойынша жүлделер табысталды.
Сонымен бірге «Жыр-терме» номинациясы бойынша Ә. Желдібаев пен А. Бетбаев атындағы жүлдені ақын, сазгер Жанатбек Тұрғымбай мен ақын Бауыржан Жақып еншіледі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сертификат берілді. Көтеріңкі көңіл-күйде тәмамдалған кеш қонақтары өз жылы лебіздерін білдірді. Бірнеше сағат бойына сыршыл поэзиямен жан сарайын толтырған тыңдарман әдебиет әлемінде өзіндік өрнегін сызып келе жатқан жас ақындармен естелік суретке түсті.