ӨҢІРДІ ӨРКЕНДЕТУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Жылдың аяқталуына бірнеше күн қалды. Демек есеп берер уақыт келді. Бүгін облыс әкімі мен «AMANAT» партиясының фракция депутаттары бас қосты. Олар біткен істі баяндап, қалған тірлікті тиянақтауға тырысты. Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?
Жиында алғаш болып сөз тізгіндеген партияның облыстық филиал төрағасы Дауыл Бейсенқұлов фракция мүшелерінің басты мақсаты – өңірдің өркендеуіне, партияның алдағы 2027 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы және сайлау науқанында халықтан түскен аманаттардың орындалуына барынша ықпал етуі болып табылатынын жеткізді, – деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
«AMANAT» партиясының 4 жылға арналған аталмыш бағдарламасы халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін, ел экономикасын жақсартуға бақытталған. Сәйкесінше сатылы түрде жоспарлар жолға қойылған. Осы мақсатта түзілген арнайы жол картасын іске асыруын облыс әкімі фракция депутаттарымен бірге талқылады.
- Мал шаруашылығында ұсақ мал 3,6 млн. басқа, ірі қара – 0,5 млн. басқа, жылқы – 0,2 млн. басқа, құс – 1,8 млн. басқа дейін артты. Ет өндірісі – 2,8%-ға, сүт – 1,2%-ға артты. 29,1 млн. АҚШ долларына 151,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды,- дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев
Ауыл шаруашылығы бойынша өңірде ілкімді іркілі көп көрінеді. Облыс әкімі биыл алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасының лизингі арқылы 244 бірлік техникамен толықтырылғанын баса айтты. Одан бөлек, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 68 ауыл шаруашылығы техникасы, 116 аспалы және тіркеме техникалары және 7 қызылша жинау комбайны сатып алынды. Нәтижесінде, Жамбылда ауыл шаруашылығы техникасы 8,2%-ға жаңартылды.
- Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңейту аясында 1913 басқа арналған 4 тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуда, олар 2025 жылы іске қосылмақ. Бұл, сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам немесе 6,5%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді,- дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев
Бұдан бөлек, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша тапсырмасы аясында кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау есебінен 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Нәтижесі жаман емес. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрап тұр.
Сондай-ақ, жиын барысында халық қалаулылары өзекті мәселелрдің шешілуі күн тәртібінен түспегенін айтады. Облыс тұрғындарын алаңдатқан түйткілдердің түйінін тарқату бойынша жұмыстар жалғасын табады деді жауаптылар.