AGROBASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «ИГІЛІК» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАУ АЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақмола облысына жұмыс сапары барысында егін жинау науқанының барысымен және жаңа сүт-тауарлы ферма қызметімен танысты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған сапар аясында вице-премьер «Ен дала» шаруашылығының егіс алқаптарында болды. Шаруашылық 46 мың гектар егістік жерді игеріп, негізінен бидай (25 мың га) мен арпаны (7 мың га) өсіреді. Бұдан бөлек, майлы дақылдар мен мал азықтық дақылдар да егілген. Сүт бағытынан тыс, шаруашылықта қазақтың ақбас тұқымды 1,5 мың ірі қара мен мыңға жуық жылқы бар.

Шаруашылық басшысы Тимур Пшеновтің айтуынша, егістіктің шамамен 60 пайызы жиналған. Бидайдың өнімділігі гектарына 16–17 центнерді, арпаның өнімділігі 16 центнерді құрайды. Бидай негізінен 1 және 2-классқа жатқызылып отыр.

Кездесу барысында фермерлерді мал шаруашылығын қолдау шаралары қызықтырды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің мәліметінше, 1 тамыздан бастап мал шаруашылығында 50 млрд теңге көлемінде 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылған. Сондай-ақ, жақын уақытта асыл тұқымды мал сатып алуға арналған «Игілік» бағдарламасы басталады. Оның мақсаты – мал басын арттыру және генетиканы сапалы жаңарту арқылы саланың өнімділігін көтеру.

Вице-премьер Мәншүк ауылындағы жаңа сүт-тауарлы ферма жұмысын да көрді. Жобаның жалпы құны – 6,2 млрд теңге, оның ішінде 4 млрд теңге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ретінде «Үлкен жоба» бағдарламасы аясында берілген. Қазіргі таңда фермада 2 мың сауын сиыр бар. Жылдық өндірістік қуаты – 12 мың тонна, тәулігіне – 33 тонна сүт. Кәсіпорын 70-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Ауыл шаруашылығы экономиканың өсу драйверіне айналды. Оның ЖІӨ-дегі үлесі 3,9 пайыз болғанымен, тасымалдау, қоймалау, қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі есебінен мультипликативті әсері әлдеқайда жоғары. Біз қазір жастарды ауылға тарту және ветеринария саласын қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді сапар қорытындысында Серік Жұманғарин.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *