ҰСАҚ ЖОЛ КӨЛІК АПАТТАРЫН ОНЛАЙН ТІРКЕУГЕ БОЛАДЫ
Енді кішігірім жол көлік апаты орын алса азаматтар полиция шақырмай-ақ, істі соттың қатысуынсыз рәсімдей алады. Ол үшін ұялы телефоныңызда «Еурохаттама» мобильді қосымшасы болса болғаны.
1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа ережеге сәйкес енді жол апаты орын алса, полицияны немесе сақтандыру компаниясын күтпей онлайн тіркеуге болады. Бірақ ол үшін келтірілген залал мөлшері 100 АЕК-тен аспауы қажет. Оқиға салдарынан үшінші тұлғалардың денсаулығына, қала инфрақұрылымына зақым келмеуі тиіс. Ал әзірге жаңа мобильді қосымша темір тұлпар иелеріне түсіндіріліп жатыр.
– Еурохаттаманы рәсімдеу үшін біріншіден қосымшаны ұялы телефонымызға жазып аламыз. Одан кейін кінәлі азамат өзі жайлы деректерді толығымен және өзінің автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін жазуы керек. Ең біріншіден азаматта сақтандыру полисі болу керек. Сақтандыру полисі болмаған жағдайда бұл Еурохаттама заңсыз болып есептеледі,-дейді Нұрсұлтан Исаев, Тараз қалалық ППБ аға инспекторы
Сонымен қатар еурохаттама бойынша рәсімдеген кезде әр жүргізуші декларация толтырып, электронды кілтпен қол қоюы қажет. Онда апатқа ұшыраған көліктердің мемлекеттік нөмірін анықтауға мүмкіндік беретін фото, оқиғаның фото немесе бейнежазбасын, сондай-ақ залал мөлшерін қоса көрсету керек. Деректер онлайн тексеріледі. Көлік апаты жайлы деректер сәтті қабылданса, 10 минутта хабарлама келеді. Тағы бір айта кететін жайт жол апаты орын алға оқиға орнынан кетуге болмайды. Осыған орай қала тұрғындарының ойын білдік.
Жаңа жылда іске қосылған жобаның біршама артықшылығы бар. Мәселен, бұрын бұл процесс 90 күнге дейін созылса, ендігіде тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға дейін тек бес күн уақыт керек. Сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол апаты кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапқа тартылмайды. Ешқандай айыппұл төлемейді.