BASTY BETJAŃALYQTAR

АУДАН ӘКІМІНІҢ ШЫРШАСЫ БАЛАЛАРДЫ ШАТТЫҚ ПЕН ҚУАНЫШҚА БӨЛЕДІ

Жарқыраған, сиқырлы да ғажайып, сыйлығы мен қуанышы мол Жаңа жыл мерекесінен балалар мейірім мен бақыт күтеді, армандарының орындалғанын қалайды. Бала сезім мен бала сенімді ардақтау, оны іске асыру үлкендер еншісінде. Осыған орай, балақандардың асыға күткен мерекесін думанды тойға ұластыруды аудан әкімі Бегзат Болатбеков іске асырды.

Ауданымыздың әр елді мекенінен жиналған балалар аудан басшысының жаңажылдық шыршасында бас қосты. «Астана Гранд» тойханасында үздік оқушылар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан жиналған бүлдіршіндер үшін керемет мереке ұйымдастырылды.
«Құрметті балалар! Сіздер еліміздің болашағысыңдар. Әрдайым жақсы оқып, білім алып, еліміздің мықты азаматы болып өсулеріңізге тілектеспін. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, оқуда озат, өмірде арманы биік азамат болыңдар», – деп тілегін білдірген аудан әкіміне балалар алғысын жаудырды.
Балалардың көңілін көтеру үшін аудандық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әртістері барын салды. Олар дайындаған мерекелік бағдарламада ән де шырқалды, түрлі ойындар ойнатылды, оларға ертегі кейіпкерлері келіп, думан шарықтай түсті. Балақайларға Бегзат Сейсенқұлұлы жалпы 250 балаға арналған сыйлықтарын тарту етіп, олардың қуаныштарында шек болмады.
Мерекелік бағдарламаның балалар үшін ең тәтті кезі – үлкен тортты кесу сәті болды. Осы кеш үшін арнайы әзірленген бірнеше қабатты торт барлығына жетті. Мереке соңында балалар аудан әкімімен бірге суретке түсіп, дастарханға жайғасып, өнерпаздардың көркем биін тамашалап, әсем әніне құлақ түрді. Бұл Жаңа жыл шыршасы әр баланың жадында ұзаққа сақталары сөзсіз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *