3 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
Биыл 3 мыңға жуық жамбылдық отбасы тұрғын үймен қамтылады. Жалпы жыл басынан бері мыңнан аса азамат баспаналы болған. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын таппақ. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзінше алдағы жылы тағы 50 көпқабатты үй бой көтермек.
Жамбыл облысы бойынша биыл жыл соңына дейін 2732 отбасы баспанамен қамтылады деп жоспарланған. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаты үшін 797 пәтер сатып алынбақ. Жалпы осы жылы көппәтерлі 21 тұрғын үй пайдалануға берілген. яғни 1053 отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік берді дейді мамандар. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ.
– Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табатыны сөзсіз. Біз 50-ге жуық үй салуды жоспарлап отырмыз. 2000-ға жуық пәтер жалға беріледі. Тиісінше біз сатып алатын жалға алынған пәтерлер саны аздап азаяды. 490 пәтер сатып аламыз. Бірақ біз облыстық бюджетті нақтылау кезінде қаражат бөлудің мүмкіндігі болса, әрине, біз жұмысты одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Себебі мен апта сайын азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдаймын. Қабылдауға келген азаматтардың 90 пайызының көтеретін мәселесі тұрғын үймен қамтамасыз ету,-дейді Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі
Биыл өңірде 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 35-і жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған дейді мамандар. Айта кету керек тұрғын үй алуға кезекте 37,6 мың адам тұр. Оның 16,3 мыңы – халықтың әлеуметтік осал топтары. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен 10 үй және жеке инвестициялар есебінен 11 үй тапсырылып отыр.