BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ФИНЛЯНДИЯ ПРЕЗИДЕНТІ АЛЕКСАНДР СТУББПЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, көлік-логистика және су шаруашылығы, сондай-ақ қаржы мен агроөнеркәсіп кешені салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Үкімет басшысы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық орындалуын қадағалау басты назарда болатынын атап өтті. Олжас Бектенов Финляндияның Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі екенін айтты.

Тараптар сауда айналымын ұлғайту, оның құрылымын әртараптандыру және экономиканың негізгі секторларына жаңа технологияларды енгізу бағыттарында өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтті.

Сондай-ақ көлік және логистика салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, экспортқа бағытталған өндірістік алаңдар мен инфрақұрылымдық нысандар салу жоспарлары қарастырылды.

Келіссөздер барысында цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастық та талқыланды. Қазақстанда іске қосылған суперкомпьютерді мысалға ала отырып, қазақстандық тарап Еуропадағы ең қуатты есептеу жүйелерінің бірі – LUMI суперкомпьютерін пайдаланатын Финляндиямен тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға және экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Финляндия Президенті Александр Стубб Қазақстанның инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы қадамдарын жоғары бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *