МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕЗИДЕНТІМЕН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСТІ
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы әңгімелесті. Сөйлесу барысында қазақ-қырғыз қатынастарының оң серпіні атап өтілді. Бұл үдеріске тұрақты саяси байланыс, екі ел үкіметтері мен іскерлік орта арасындағы белсенді ықпалдастық ықпал етіп отырғаны айтылды – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Тараптар сауда-экономикалық әріптестік, көлік-логистика және су-энергетика бағыттарындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық қағидаттары негізінде одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаның барысы жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, бұл жаңғырту елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалыптастыруға бағытталған. Садыр Жапаров Қазақстандағы өзгерістерге қолдау білдірді.
Сонымен қатар президенттер өңірлік ықпалдастық мәселелері бойынша ұстанымдарының ортақ екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті Бішкекте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынің табысты ұйымдастырылуына тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың ел ішіндегі бірлікті сақтау және қырғыз мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған бастамаларын қолдайтынын атап өтті.
