ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЭКОЖҮЙЕСІ ҚҰРЫЛУДА: ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ЦИФРЛАНДЫРУ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТКІЗДІ
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске қосылған суперкомпьютер негізінде жасанды интеллект (ЖИ) экожүйесін дамыту мәселелері қаралды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырыс барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ЖИ инфрақұрылымын құру барысы жөнінде баяндады. Министрдің айтуынша, мемлекеттік органдардың деректерін өңдеу орталығы жақында іске қосылған суперкомпьютерге кіріктірілген. Сондай-ақ, 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленген.
ЖИ саласына мамандар даярлау үшін AI Corporate, TUMO Center, AI People сынды бірқатар білім беру жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, egov AI, AI-терапевт, tax helper, SDU және E-аудармашы сияқты жаңа цифрлық шешімдер әзірленіп жатыр.
Кеңесте QazTech ұлттық платформасын дамыту мәселесі де көтерілді. Бұл платформа мемлекеттік органдар мен салалардағы процестерді цифрлық трансформациялауға арналған. Министрліктің мәліметінше, платформа жаңа IT-шешімдерді іске қосу мерзімін бірнеше жылдардан 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. QazTech ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес сынақтан өтті, толық іске қосу 2025 жылғы тамыз айына жоспарланған.
Бүгінде QazTech платформасы негізінде бірыңғай интернет-портал, Smart Bridge жүйесі, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоршаған ортаның ұлттық деректер базасы сынды жобалар жұмыс істейді.
Цифрландыру шеңберінде барлық мемлекеттік органдар халықаралық озық тәжірибені, соның ішінде Сингапур моделін ескере отырып, өз салалары бойынша цифрлық трансформация карталарын әзірлеуде. Бұл карталар ескірген рәсімдерді оңтайландыруға, процестерді автоматтандыру мен деректерді цифрландыруға бағытталған.
Премьер-Министр Олжас Бектенов цифрлық трансформация карталарын бір ай ішінде түбегейлі дайындауды тапсырды. Бұл құжаттар ЖИ-ды мемлекеттік басқаруға енгізудің негізі болмақ. Сонымен қатар, олар бизнеске мемлекеттік деректер базасында өз жобаларын құруға мүмкіндік береді.