BASTY BETJAŃALYQTAR

БИЫЛ ЖАМБЫЛДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ АСАДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған өңірдің бизнес өкілдерінің Қытай Халық Республикасына ресми жұмыс сапарының нәтижесінде бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, облыста ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру мен мал азығы өндірісін ашу, тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ қос тарап литий-темір-фосфатты аккумуляторлар өндірісін іске қосу мүмкіндіктерін талқылады.

Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында облыстың ірі кәсіпорындарының басшыларымен бірге ҚХР Шандунь, Хубэй және Суар провинцияларындағы бизнес топтарының және жетекші компаниялардың өкілдерімен 200-ден аса іскерлік кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесінде тараптар ұзақ мерзімді өзара тиімді әріптестік қатынастарды арттыруға және жаңа жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Шаньдун провинциясының («Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go.Ltd», «GAMBOL», «SHIFENG GROUP» және «GUOFENG») компанияларымен бірге жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу, мал азығын өндіру мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығару бойынша жобаларды іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұдан бөлек, Байзақ ауданында тракторлар құрастыру ісі жоспарланып отыр.

Фосфор өндірісінде көшбасшы саналатын Хубэй провинциясындағы келіссөздер барысында «Қазфосфат» ЖШС мен қытайлық «Wuhan Top Resources Holdings Co., Ltd» компаниясының арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта аталған компаниямен электромобильдерге арналған литий-темір-фосфат аккумуляторларын өндіру, «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытында өндірілетін сары фосфорды Қытайға экспорттау және сары фосфор мен құрамында фосфор бар өнім өндіретін жаңа кешен салу мәселелері талқылануда.

Қытайлық «ВNK Group» және «NINGBO MENGKWA MACHINERY CO.,LTD» компанияларымен келісім барысында 2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 4,4 млн АҚШ долларын құрайтын тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салу жоспарлануда.

Боро-Тала-Моңғол автономиялық округіндегі сапар қорытындысы бойынша сумен жабдықтау, кәріз және суару жүйесіне арналған түрлі диаметрлі құбырларды өндіру ісін дамыту жоспарлары талқыланды.

Аймақ басшысы әкімі Үрімші қаласындағы қоқысты қайта өңдейтін толық циклді зауыттың жұмысымен танысып, делегация мүшелері трансшекаралық электрондық сауда индустриялық паркі мен Алашанькоу инспекциялық портына да барды.

Облыс әкімі Шаньдун провинциясының Халық Үкіметі Сыртқы істер кеңсесінің кеңсе меңгерушісі Цай Сяньцзинмен, провинция партия комитетінің бас хатшысы Чжан Хайбо және Ляочэн қаласының мэрі Чжан Байшунмен кездесу барысында өңіраралық байланыстарды күшейту мәселелерін саралады.

Ербол Қарашөкеев атап өткендей, шетел инвесторларын облыстың қолайлы географиялық жағдайы, мол табиғи ресурстары, аграрлық және өнеркәсіптік зор әлеуеті қызықтыруда. Өңірімізде экспортқа ыңғайлы жоғары технологиялық өнімдерді өндіру үшін барлық мүмкіндіктер жеткілікті әрі қолайлы инвестициялық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, суарудың қарқынды су үнемдеу әдістері мен облыстың өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жоғары қайта бөлу өндірістерін дамытуға баса назар аударылуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *