ПИЯЗДЫҢ ӨНІМДІЛІГІ 30% ТӨМЕН
Жамбыл облысында пияздың өнімділігі былтырға қарағанда 30 пайызға төмен. «Бұл ауа райының қолайсыздығы мен суармалы судың аздығына байлынысты», – дейді жауаптылар. Еске сала кетсек, тамыз айының басында Қырғыз елі су беруді тоқтатқан болатын. Сондықтан диқандар пиязды биыл бір ай бұрын жинап жатыр.
Жамбыл облысындағы пияз алқаптарының жартысы Шу ауданында орналасқан. Мұндағы 13 600 гектарға егілген пияздың барлығы тамшылатып суару әдісімен суарылады. Тың технологияны қолданса да, диқандар тірлішілік нәрінен таршылық көрді. Солардың бірі – Али Джафаров. Шаруа 6 жылдан бері пияз егеді. Әр гектардан 80 тоннаға дейін өнім алатын. Ал биыл су тапшылығынан өнімі мардымсыз, дақылдар майда. Соныдықтан жиын терім жұмыстары ерте басталған.
– Бұған дейін әр гектардан 80-90 тоннаға дейін өнім алатынбыз. Биыл 20 тоннаға жете ме жоқ па білмеймін. Негізі пияздан жақсы өнім алу үшін 45 рет суару қажет. Ал біз 37-38 рет суарып үлгердік. Негізі соңғы салмақ алатын кезінде су аса қажет. Бірақ биыл болмады. Сондықтан бар пиязды жинап жатырмыз,-дейді Али Джафаров, шаруа
Шаруалар әр гектарға орташа есеппен 3,5 миллион теңге жұмсаған. Олардың ендігі уайымы шыққан шығынды өтеу мәселесі. Жалпы биыл өңірде 25 мың гектарға пияз егілген. Бүгінде оның 7 мың гектары жиналған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, орташа өнімділік 280 центнерді құрап отыр. Бұл былтырға қарағанда 30 процентке аз.
– Пияз дақылына қолданған минералды тыңайтқыштарға 50 пайыз көлемінде субсидияланады. Сонымен қатар мына пияз дақылына көптеген пестицидтермен арамшөптерге қарсы күрес жүргізіледі. Сол алқаптарға қолданылған препараттар 50 пайызға дейін субсидияланады,-дейді Шәкір Момынқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары
Аймақта пиязды жинау қазан айының ортасына дейін жалғасады. Болжам бойынша 800 мың тонна өнім алу жоспарда бар. Ал су тапшылығын жою үшін жауаптылар 3 жылда 700-ге жуық ұңғыма қазбақ.