ҚАЗАҚСТАННЫҢ 7 МЫҢ ЖАҢА ТУҒАН СӘБИІНЕ ЖСН БЕРІЛДІ
Қазақстанда жаңа туған 7 мыңнан астам сәби жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алды.
Ведомствоның мәліметінше, Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың маусым айынан бастап цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, әділет, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, балаларға туғаннан кейін бірден жеке сәйкестендіру нөмірін беру бойынша жаңа пилоттық жобаны іске қосты.
Ішкі істер министрлігінде нақтылағандай, бүгінде жаңа туған нәрестелер үшін 7 мыңнан астам ЖСН жасалған.
“Егер бұрын балаға ЖСН ата-анасы туу туралы куәлік алу үшін АХАТ органдарына жүгінген кезде, көп уақыт өткеннен кейін ғана берілсе, енді балаға ЖСН туылғаннан кейін бірден проактивті форматта беріледі. Яғни туу туралы куәлік беріліп, толық аты-жөні берілгенге дейін”.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар, жаңа тетік бойынша балаға ЖСН беру перзентханада туу туралы медициналық куәлік қалыптастырылған кезде автоматты түрде жүзеге асырылатынын, ал оның туу фактісі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бір уақытта көрсетілетінін ескерсек, бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді және бала саудасының ықтимал жағдайларын жояды.