«FREEDOM QJ»: «ТАРАЗ» «ҚАЙРАТҚА» ЕСЕ ЖІБЕРДІ
21 маусым-елімізде спорт күні болып жарияланған. Айтулы мерекеде 12 мыңнан аса адамды орталық алаңға жинаған «Тараз-Қайрат» футбол клубтары арасында жасөспірімдер матчы өтті. Жасыл алаңдағы ойын алдымен эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламамен басталды. Барлық шаһар тұрғыны көз тіккен ойыннан әріптесім тарқатсын.
«Тараз» футбол командасын қолдап келген халықтың қарасы қалың. Соңғы рет стадион лық толы ойын 2004 жылы болған екен. Тараздықтар 14 кездесу өткізіп, 19 ұпаймен 6-орынға жайғасып, 37 ұпайы бар чемпионаттың басты фавориттеріне қарсы алаңға шықты. “Freedom QJ” лигасы 15 турының орталық матчына ҚР футбол федирациясының Президенті Әділет Барменқұлов пен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, футбол ардагерлері арнайы келіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Ал Freedom holding басшысы Тимур Турлов қазақы дәстүрге сай жас сәбидің тұсауын кесті.
– Тараз топырағынан шыққан дарынды, талантты футболшылар талай рет футболды көтерген, дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін. Әрқашан бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге жанашыр болсақ жеңіске жетеміз деп ойлаймын,- дейді Әділет Барменқұлов, ҚР футбол федерациясының президенті
1 тайм аяқталғанда қос команда есеп теңестірсе, екінші таймда Тараз футбол командасы Қайратқа есе жіберді. Нәтижесінде, 1:3 есебімен Қайраттықтар жеңіс тұғырынан көрінді. Десе де, тараздық жанкүйерлер сүйікті командаларынан қолдауларын аямады.
Матч аяқталғаннан кейін билет сатып алған көрермендер арасында бағалы сыйлықтар мен Дубайға жолдама ойнатылды. Сондай-ақ. «Харекет» қоры атынан 7 балалы отбасыға баспана кілті де табыс етілді. Айта кетейік, 2025 жылы QJ League барлық облысты қамтуға, қыздар лигасын ашуға ниетті. Биылғы чемпионатта 2006 жылы туған жасөспірімдерден құралған үздік 12 команда бақ сынайды. Жеңімпаз еліміздің намысын УЕФА Жасөспірімдер лигасында қорғауға мүмкіндік алады.