ӨҢІР БАСШЫСЫ БІРҚАТАР ІРІ КӘСІПОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Аймақ басшысы аудандарға жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бұл жолы Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданындағы бірқатар ірі кәсіпорындарды аралады. Жамбыл облысының әкімі бірінші кезекте Мыңарал ауылындағы “Shagala Mining” ЖШС мыс кендерін үймелі шаймалау кәсіпорнының құрылысымен танысты.
Кәсіпорын директоры Алексей Антонишиннің айтуынша, өндірістің қуаттылығы-9 мың тоннадан астам катодты мыс өндіруге қауқарлы. Зауыттың бірінші кезегін пайдалануға беру келер жылдың мамыр айына жоспарланған. Зауытқа арналған жабдық Қытай, Германия және Швейцария елдерінен жеткізіледі. Құрылыс жұмыстарына 250-ден астам адам жұмылдырылған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Жұмысшылар үшін жатақхана да салынбақ.
– Қазіргі уақытта Шұғыла компаниясы Қарағанды және Жамбыл облыстарында орналасқан кен орнын ашты. Мыс парфиромая, жалпы қоры шамамен 370-380 мың катодты мыс. Жоба 30 жылға есептелген. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр,- дейді Алексей Антониши, «SHAGALA MINING» ЖШС директоры
Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы жобаның ауқымдылығын және өңірдің экономикасын дамыту үшін кәсіпорын жұмысының маңыздылығын атап өтті. Болашақ кәсіпорын басшылығының алдына жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру мен экологиялық заңнаманы сақтауға қатысты бірқатар міндеттер қойылды.
Бұдан әрі өңір басшысы шалғайдағы Шығанақ ауылындағы “Шығыс кен басқармасы” ЖШС бас сұқты. Содан соң “Алтыналмас” АҚ Ақбақай филиалына атбасын бұрды. Облыс әкімі мұнда жатақхана, спорт кешені мен демалыс аймағын аралап көрді. Сандарды сөйлетсек былтыр кәсіпорында 1854 келі алтын, 306 келі күміс өндірілген. Жұмысшылар саны 1200-ден асады. Олардың жартысына жуығы жергілікті тұрғындар. Айта кетер ақпар Мойынқұм ауданы өңірлік өнеркәсіптік өндірісіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Биылғы жарты жылда өндіріс көлемі 58,3 млрд теңгені құраған.